Сұраныстағы мамандықты тегін үйретуде

«Zhas Project» жобасының қатысушысы Мира Шанаева 1 млн теңге грантты жеңіп алды.

Гранттың алғашқы бөлігі - 500 мың теңгесіне өзіне қажетті құрал-жабдықтар сатып алған ол, Құлсары қаласында «Мира» сұлулық салонын ашқан болатын. Ол өзінің әлеуметтік жобасында ауданымыздағы көпбалалы және жалғызбасты аналарды бүгінгі заман талабына сай мамандыққа тегін оқытуды мақсат еткен. Шілде айынан бастап сұлулық салонында жұмыс жасауға ниеті бар келіншектерге тегін дәріс беруде. Бұл жұмысын қараша айының аяғына дейін жүргізбек.

mira1

-Мен - көпбалалы анамын. Қазіргі кезде «Мира» сұлулық салонында маникюр курсында оқып жатырмын. Үйде отырған біз сияқты аналарға тегін қызмет көрсететін жобаны жүзеге асырушыларға ризашылығымыз мол. Жастардың істері алға баса берсін. Осындай әлеуметтік жобалар көп болсын,-дейді А.Бурабаева.

-Қазіргі уақытта дәріс алып жатқандар жақсы нәтиже көрсетуде. Енді екінші транш бойынша 500 мың теңге қаражатымызды алғаннан кейін қажетті құрал-жабдықтарымызды толықтырамыз. Содан кейін әрі қарай жобаны жалғастыра береміз. Жоба ақталғаннан кейін де осы салада кәсібімізді жалғастырып, аудан экономикасына өз үлесімізді қосуды ниет етіп отырмыз,-дейді Мира Шанаева.

mira2

Естеріңізге сала кетсек, «Zhas Project» – дипломы жоқ, жұмыссыз жүрген жастарды, мүмкіндігі шектеулі және тұл жетімдерді қолдауға бағыт алған бірден-бір жоба. Бұл бағдарламаға 14-29 жас аралығындағы жастар қатысуда. Оларға 1000 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант негізінде қаржы беріледі. Қазіргі уақытта жобаға қатысушылар бұл қаржының 50 пайызын алды. Осы қаржыны игергеннен кейін қалғаны берілмек.

Сондай-ақ жобаны іске асырудың әр айы үшін 6 ай көлемінде шәкіртақы беріледі. Жоғарғы оқу орнын бітіргендерге – 60 мың теңге, орта оқу орнын немесе мектеп бітірген жастарға 40 мың теңгені құрайды. Қатысушылар өз жобасы бойынша тапқан табысын мұқтаж жандарға тегін беріп, тегін қызмет көрсетуде.

Қ.Нұртайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521