СӘЛИ ШӘКІРОВА АТЫНДАҒЫ КӨШЕ

 29 жасында Социалистік Еңбек Ері атанып, өнегелі өмірімен артына өшпес із, ұлағатты ұрпақ қалдырған Жылыой өңірінің мақтанышы, ауылшаруашылығы қызметінің майталман ұйымдастырушысы, іскер басшы, ауданның Құрметті азаматы Сәли Шәкіроваға Құлсары қаласынан көше аты берілді.

 Салтанатты шараны қаламгер Нұрдаулет Ақназаров жүргізді. Алғашқы сөзді сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова барлық саналы өмірін ауданның ауылшаруашылығын дамытуға арнаған Сәли Шәкірованың майталман ерен еңбегін атап өтті.

 -Біз Сәли апайдай Еңбек Ерлерін кейінгі буынға өнеге етудің барлық мүмкіндіктерін қапы жібермеуіміз керек. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» дегеніміздің мәнісі де осы,- деді ол. Бұдан соң ауданға белгілі еңбек ардагері Меңке Бердіғалиев:

- Сәли Бердіқұлқызының өз еңбегімен өрге шығуы, өрлеуі, еліне елеулі, халқына қалаулы болуы – кейінгі буынға тағылымды өнеге. Сондықтан қаланың орталық көшелерінің бірі осы Сәли апамыздың атына беріліп жатқаны өте құптарлық іс болды,-дей келе батыр әженің ұрпақтарын бүгінгі айтулы күнмен құттықтады.

 Ал Құлсары қаласы әкімі Қадыржан Адинов адал еңбек қана мұратқа жеткізетінін іс жүзінде айшықтап өткен жанның бірі де бірегейі осы Сәли әжеміз екенін тебірене жеткізді.

-Қаладағы №8 мектептің оқушылары мен «Өркен» балабақшасының балалары күн сайын жүріп өтетін осы көше енді «Сәли Шәкірова» деп аталса, сол ұрпағымыз әжеміздің өмір жолын, ерен еңбегін терең білсе ғой деген тілегім бар. 29 жасында «Социалистік Еңбек Ері» атағын алу үлкен еңбекті, «Елім» деген кең жүректі қажет етеді ғой. Сондай даңқты иеленіп қана қоймай, артында текті ұрпақ тәрбиелеген оның өмірі тек балалары мен немерелеріне ғана емес, барша жылыойлықтара үлгі-өнеге боларлық, - деді. Бұдан соң Меңке Бердіғалиев пен Қадыржан Адинов «Сәли Шәкірова» атындағы көшенің ашылу рәсіміне орай алқызыл лентаны қиды.

Перизат ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521