Осы сұрақ мені психолог маман ретінде үнемі мазалайтын, себебі өзім де анамын.
Қазіргі жастар секілді уақытты «тиімді» пайдаланғым келіп, алғашында балама телефон ұстатып, алдарқататынмын. Сәбиім өскен сайын, мен оның тым ашушаң, өзінің айтқаны болмаса, көндікпейтін менменшілдігін көріп, жете бақылауға алдым. Өзім тәрізді жас аналардың назарына сол зерттеу нәтижелерімді ұсынбақпын. Телефон ұстауға ең бірінші себеп, бұл - қоршаған орта.
Қай жерге барсаңыз да, қайда қарасаңыз да, ұялы телефонға шұқшиған бір адам. Ересек те, бала біткен де. Екінші себеп, бұл – ата-ананың уақытты балаға емес, өздеріне көбірек бөлу мақсатында баласын алдап, тыныштандыру үшін жасайтын амалы. Үшінші себеп - өзімізді алдаудан туған жалған нанымдар. «Баламыз ертең ештеме білмей, қатарынан кем қалар» деген сауатсыз түсінік, «жұрттың балалары ұстайды, көппен бірге менің балам да телефон ұстасын» деген өте қате пікірлер. Телефон өндіруші, жасаушы, құраушы бәрі бір пікірде. «Балаларыңызға телефон ұстауды шектеңіз, яғни аз ғана уақытқа беріңіз» дейді. Олар ұялы телефонның жүйке ауруларына соқтыру мүмкіндіктерін біліп барып, осындайды айтып отыр. Ал біз ше? Баламыз телефон қараған күйі тып-тыныш отырса болды!.
Мұнда ата- ананың эгоистік көзқарасы жатыр. Мен әуелі ұялы телефонның зиянды тұстары жөнінде көп документальды фильмдерді қарап шықтым. Баламның жүйке жүйесі тым күйгелек болғанын телефон ұстауын тоқтатқаннан кейін бірден байқадым. Себебі бұрын тым ашуланшақ болатын, осы күндері телефон ұстамайтын болғандықтан, ол айналасына басқа көзқараспен қарайтын болды, сабырлы бола бастады және ең бастысы, ата-ананың айтқанын тез ұғатын болды.
Телефон ұстауды қойдыру барысында балама барынша «телефон көзіңе зиян болады, ішінен қорқынышты нәрселер шығады» деп үрейлендіріп жүрдім. Біршама уақыт телефон бермеудің сылтауын айтып, түсіндіруден жалықпай жүріп, басқа да нәрселермен алаңдаттым. Кейін өзінің де қызығушылығы басылды. Енді ол тіпті өзіме ескерту жасап, телефон ұстатпайтын болды. Бұл үлкен жеңіс деп білемін. Құрметті аналар! Өз уақыттарыңызды «тиімді» пайдалану үшін балаңызға телефон беріп алдаудың қажеті жоқ. Дені сау, жүйкесі берік ұрпақ өзімізге керек.
Дина НҰРПЕЙІСОВА,
«Ақбөбек» ясли-бақша психолог маманы.
Ақкиізтоғай ауылдық округі.