Халел Жамалов имамдармен кездесу өткізді

кездесу

Өткен аптада күні аудан әкімі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімі Халел Жамалов төрағалық етті. Басқосу жиынға кеңес мүшелері, округ әкімдері, атқарушы органдар, БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша кент және ауылдық округ әкімдері елді-мекендерде жүргізілген дін саласындағы ақпараттық түсіндіру жұмыстары жөнінде баяндама жасап, атқарылған іс-шаралардың есебін берді.

Жылыойға қарасты елді-мекендердің барлығында аудандық түсіндіру тобымен жасақталған жоспарға сәйкес жергілікті халықтың діни сауаттылығын арттыруға, теріс діни идеологияның алдын алуға, дәстүрлі құндылықтарды насихаттауға және қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтауға бағытталған бірқатар жұмыстар жыл бойы жүргізіліп тұрады. Ауылдық мешіттерге жиналған жамағатқа да дін саласы жөнінде имамдардың тарапынан үнемі толыққанды ақпараттар беріледі. Тек ел ішінде енгізілген Төтенше жағдайға байланысты наурыз айының бел ортасынан бері біраз кездесулер мен шаралар кейінге шегеріліп келген. Округ басшыларының сөзінше, қазіргі уақытта кей ауылдық округтерде жат ағымның жетегінде кетушілердің саны азайса, кейбір ауылдарда мүлдем жоқ болып шықты.

Отырыста ауылдық мешіттердің имамдары да сөз сөйледі. Олар «Бүгінде пандемия жағдайына байланысты мешіттердің кіріс жағдайы күрт төмендеп кетті. Ай сайын коммуналдық төлемге 1 млн-нан астам қаражат кетеді. Имамдарға төленіп отырған жалақы мөлшері де мардымсыз. Қазіргідей нарықтық заманда кім-кімнің де азын-аулақ айлықпен күн көре алмайтыны белгілі. Әрқайсымыздың үйімізде бала-шағамыз бар. Отбасылық шығындарымыз өз алдына. Сондықтан осы айтылған мәселеге түсіністікпен қарап, көмек қолын созсаңыздар» деп өз ұсыныстарын да білдірді. Әкім бұл мәселемен айналысуды халық қалаулыларына сеніп тапсырды.

Сонымен қатар, насихат жұмыстарын жетілдіру бағытындағы жоспарларға қатысты біраз пікірлер ортаға салынды.

Бүгінде Жылыой тұрғындарын ғана емес, барша қазақстандықтарды алаңдатып отырған өзекті мәселенің бірі – екпе (вакцина). Жаңа дүние есігін ашқан сәбиге түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында егілуге тиісті екпеге неге екені белгісіз, көптеген ата-аналар қарсы болуда. Ал медицина қызметкерлері болса сәбиге арналған екпенің еш зияны жоқтығын айтып шырылдауда. Міндетті вакцинаның зиянынан пайдасының көп екенін дін өкілдері де растауда.
Бір ғана Жылыой ауданының өзінде соңғы 7 айда жаңадан туылған сәбиіне екпе салдырудан бас тартқан ата-аналардың саны 45-ке жеткен. Оның бесеуі себепсіз қарсылық танытса, қалған қырық ата-ана жеке көзқарастары мен діни түсінігіне байланысты өз рұқсаттарын бермеген.

-Бас тартудың басты себептері ел арасында негізсіз айтылатын медициналық қарсы көрсетілімге және теріс діни көзқарасқа байланысты. Әрі қоғам арасында тарап кеткен алып-қашпа әңгімелердің соңы осындай қиындықтарға әкеліп соқтырып отыр, - дейді орталық аурухана басшысы Нұрбек Үкібаев.

Бас дәрігердің сөзіне сенсек, аталған мәселені шешу мақсатында алдағы уақытта көптеген іс-шаралар қолға алынып, дәрігерлермен бірлесе отырып, түсінік жұмыстары қарқынды жүргізілетін болады.

Күн тәртібіндегі соңғы мәселе жалпы орта білім беретін ұйымдардағы дінтану пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру жайы болды. Бұл мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар легіне аудандық білім бөлімінің басшысы Айбарша Қақпанбаева кеңінен тоқталып өтті.

Шаттық Мұхтарқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521