Ұрыны ұятты құтқарды

Дана Абай «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп бекер айтпаса керек.

Расында да, біз әңгіме еткелі отырған азаматтың қос қолында айналысып отырған бір кәсіп көзі болса, онда мұндай қылмысқа бармас па еді?! Орда бұзар отыздың бес белесінен асса да сүр бойдақ болып, әрі еш жерде жұмыс жасамай жүрген тепсе, темір үзер азамат бір күні біреудің сарайына ұрлыққа түсті. Үй иесінің жоқтығын пайдаланған ол тапа тал түсте сарайға заңсыз кіріп, ішінен бір дана дәнекерлеу аппаратын, темір тескіш құралын,тоқ ұзартқыш пен редуктор, алты метрлік шланга, «горелка» және ацетилон балонын тиеп кетті. Сөйтіп, жәбірленушіге 80 мың теңгенің көлемінде мүліктік залал келтірді. Бірақ құқық қорғау органы қызметкерлері ұрыны алысқа ұзатпады. Ұрлықтың ізін суытпай ашып, үстінен Қылмыстық кодекстің 188-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады. Яғни заң тілімен айтқанда «бөтеннің мүлкін қоймаға заңсыз кіріп, жасырын жымқырып», қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін айыптады. Алдын ала тергеу амалдары арқылы бар кінәсін мойнына қойып, істі сотқа жолдады. Абырой болғанда, мәселеге кәсіби емес медиатор араласты.

Басты сот талқылауында сотталушының қорғаушысы айыпкердің жәбірленушімен медиация тәртібімен татуласып, барлық келтірген шығынның орнын толтырғанын мәлім етті. Жәбірленуші де оған кешірім беретіндігін, қояр талабының жоқтығын айтып, куә болып, қылмыстық құқық бұзушылық істі тоқтатуды сұрады. Ауырлығы орташа қылмыстар санатына жататын қылмыстық құқық бұзушылық жасаған айыпкердің әрекетін сот жоғарыдағы бап бойынша дұрыс сараланған деп таныды. Аудандық соттың қаулысымен сотталушы жәбірленушімен медиация тәртібімен татуласуына байланысты 68-баптың 1-бөлігінің негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Сөйтіп, іс өндірістен қысқартылды.

А.АДАЕВА,

аудандық соттың бас маманы, сот отырысының хатшысы,

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ,

өз тілшіміз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521