МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ЖАРЛЫҒЫМЕН 10 ҚАҢТАР - ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ АЗА ТҰТУ КҮНІ ДЕП ЖАРИЯЛАНДЫ. ЕЛІМІЗДІҢ БІРНЕШЕ ӨҢІРІНДЕ ОРЫН АЛҒАН ЗАҢСЫЗ МИТИНГТЕРДІҢ СОҢЫ, ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒАЛАРҒА ҰЛАСЫП, САЛДАРЫНАН КӨПТЕГЕН ЖАЗЫҚСЫЗ АЗАМАТТАР ҚАЙТЫС БОЛДЫ.
Жаңаөзен қаласынан бастау алған бейбіт шерудің арты өзге қалаларда жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Газ бағасының қымбатшылығын желеу етіп, алаңға шыққан қарапайым халық өкілдері арандатушылардың арбауына аңдамай түсіп қалды. Халық топтасып жиналған орындарда лаңкестік іс-әрекеттер көрініс тауып, мемлекеттік ғимараттардың біразы бүлінді, өртке оранды. Жеке адамдардың да мүлігіне айтарлықтай залал келді. Ең көңіл қынжылтарлығы адам шығыны аз болмады.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде өз жанын ерлікпен құрбан еткен батырлардың денесі осындай қысылтаяң шақта жер қойнына тапсырылды. Олардың ата-аналары мен отбасы мүшелеріне Президент қайғырып көңіл айтты. Қаралы күнде Мемлекеттік Туымыз төмен түсіріліп, бүлік кезінде қаза болған бейбіт тұрғындардың, полицейлердің, әскери қызметшілердің рухына тағзым етілді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ел арасына іріткі салып, арты өлімге әкелген террористік іс-әрекеттің жұмбағын шешіп, лаңкестікпен айналысқан бүлікшілдерді тауып, олардың қатаң жауапкершілікке тартылатынын айтты. Тек осы сын сағатта отандастарын сабырлық пен төзімділікті сақтауға шақырды.
Айнагүл СЫДЫҚОВА,
Атырау облыстық Ішкі саясат басқармасы