Автокөліктердегі өрт оқиғалары – адам өмірі мен қоғам қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін өзекті мәселелердің бірі. Соған сәйкес қала мен ауылды, жұмыс пен үйді жалғап тұрған темір тұлпарлар кей жағдайда үлкен қауіп көзіне айналуы мүмкін. Бүгінде осы бағытта аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мамандары жиі түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жылыойлықтарды аяқасты өрт жағдайының алдын алуға шақырады.
Көліктегі өрт көп жағдайда аяқ астынан тұтанады. Бір сәт жол үстінде қалыпты қозғалып келе жатқан көлік бірнеше минут ішінде отқа оранып, жарамсыз күйге түсуі мүмкін. Ең қауіптісі, мұндай жағдайларда жүргізуші мен жолаушылардың өміріне зор қауіп төнеді. Сондықтан бұл мәселені тек жеке жүргізушінің ғана емес, жалпы қоғамның қауіпсіздігі тұрғысынан қарастыру қажет. Төтенше жағдай қызметкерлерінің айтуынша, автокөліктегі өрттің негізгі себептері көбіне техникалық салғырттықтан бастау алады. Электр сымдарының қысқа тұйықталуы, жанармай жүйесіндегі ақаулар, қозғалтқыштың шамадан тыс қызып кетуі – жиі кездесетін факторлар. Әсіресе, газбен жүретін көліктерде жабдықтың талапқа сай орнатылмауы өрт қаупін бірнеше есе арттырады. Ал көлік ішінде темекі шегу немесе ашық отты пайдалану сынды немқұрайлы әрекеттер жағдайды тіптен ушықтыра түседі.
Автокөліктегі өрттің салдары өте ауыр. Көлік бірнеше минуттың ішінде толықтай жанып кетіп, тек материалдық шығын ғана емес, адам өміріне орны толмас зардап әкелуі мүмкін. Бұған қоса, мұндай оқиғалар жол қозғалысын бөгеп, айналадағы өзге көліктер мен ғимараттарға да қауіп төндіреді. Бұл туралы аудандық төтенше жағдай бөлімі №2 МӨСБ аға инженері О. Булегенов:
- Өкінішке қарай, кей жүргізушілер өрт қауіпсіздігіне әлі де болса салғырт қарайды. Көлікті уақытылы техникалық тексеруден өткізбеу, өрт сөндіргіштің болмауы немесе оны қолдануды білмеу – жауапсыздықтың көрінісі. Ал шын мәнінде, қарапайым сақтық шараларының өзі үлкен апаттың алдын алуға қабілетті.Өрттің алдын алу үшін ең алдымен көліктің техникалық жағдайына тұрақты түрде назар аудару қажет. Электр сымдары мен жанармай жүйесінің жарамдылығын тексеру, газ жабдығын тек лицензиясы бар мамандарға орнатқызу – жүргізушінің басты міндеті. Сонымен қатар әрбір автокөлікте өрт сөндіргіш болуы және оны қалай қолдану керектігін білу қауіпсіздіктің қарапайым, бірақ маңызды талабы,-дейді өз сөзінде.
Ал егер төтенше жағдай орын ала қалса, ең бастысы – сабыр сақтау. Көлікті дереу тоқтатып, қозғалтқышты сөндіру, жолаушыларды қауіпсіз жерге шығару қажет. Өрт сөндіргіштің көмегімен жалынды ауыздықтауға тырысып, дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарласу – адам өмірін сақтап қалудың шешуші қадамы.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ



