Біз үшін жасанды, виртуалды әлемде жоғалып кетпеу, жаһандану заманында өзіміздің ұлттық болмысымыз бен бірегей келбетімізді және рухани ерекшелігімізді сақтап қалу аса маңызды. XXI ғасырда рухы биік, әлем мәдениетімен бәсекеге түсе алатындай белес тұр. Бұл – бүгінгі күннің ең маңызды мәселесінің бірі. Ұлттық құндылықтар ұлттың салт- дәстүрі мен әдет-ғұрпын құрметтеуден басталады. Соның бірі – ұршық иіру. Ұршық жүннен жіп жасауға арналған құрал. Ол қазақ халқының (аналарымыздың) ұлттық мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігінің маңызды бөлігі. Қазіргі уақытта осы құралды қолға алып күнделікті тұрмыста пай- даланып отырған қыз-келіншектер жоқтың қасы. Мүлдем жоқ емес, болар әрине, десек те, ақ, қара түсті өре киіздер мен талдырма басып, оны ойна- та ойып, мың құбылған оюлы текемет басу, даладан баппен ши суырып, оны еппен аршып, мың бояулы жүнге орап оюлы ши тоқу, ұршық иіру, құрақ құрау, бау-басқұр тоқып, сырғалақ айналдыру, шашақ дайындау – өзге де бағзыдан міні құрымай жеткен ұлттық қолөнермен айналысатын жандардың жасы қазір 70-тен асып барады. Жастардың бұл дүниелерді жасауға қызығушылығы жоқ емес, бар. Тек жалықпай үйрететін өнерге деген жанашыр жан табылса... Қазақ халқының ертеден келе жатқан осындай өнер түрін жаңғырту мақсатында Тұрғызба ауылында «Ұршық ұмыт қалмасын» атты шеберлік сыныбы өтті. Жем ауылдық округінің әкімі жанындағы аналар кеңесінің ұйымдастыруымен жүзеге асқан іс-шараға ауылдың қолөнер шеберлері Ж.Бекбасова, А.Толыбаева, А.Әбілова, М.Бисеновалар қатысып, ұршықтың құрылысы, қолдану әдісі, жіптің иірілу техникаларын танысты- рып, дайын жіптің үлгісін көрсетті. Шараға А.Күзекенова, Б.Сәрсембаева, К.Имашова, О.Сисенова сынды от- басында ұлттық құндылығымызды дәріптеп, күнделікті тұрмыста кез келген тоқыма, тігу, ою салу секілді қолөнерден алшақтамай жүрген аналарымыз қатысып, өз ойлары- мен және іс-тәжірибесімен бөлісті. Олардан жас келіншектер мен мектеп оқушылары да қалыспай атсалысып, қолдарына ұршық ұстап, қол ептілігін байқады. Жалпы шараның мақсаты – ұлттық өнеріміздің тұрмыста кеңінен қолданылуын насихаттау, мүмкіндік шеңберінде қолданысқа енгізу. Бүгінде қолөнер мен ұлттық тұрмыстық бұйымдар біртіндеп сұранысқа еніп келеді. Иә, мал жүнінен иіріліп, тоқылатын киімдер мен тұрмыстық өнімдер экологиялық таза. Ертедегі көшпелі қазақ халқының ешқандай технологиясыз өте бай, көркем тұрмыстық бұйымдарды жасағанын өткен тарих қойнауына кеткен естеліктер мен әдеби кітаптан, теледидардан, әлеуметтік желіден көріп жүрміз. Шара барысында аналарымыз ұршық иіре отырып, халық әндерін әуелете шырқап, мағыналы әжелік әңгімелерін айтып та қойды. Болашаққа сенімді тілектерін арнады. Шеберлік сы- ныбына қатысқан апаларымызға естелік сыйлықпен Алғыс хаттар табысталды. Шараны аналар кеңесінің төрайымы Т.Бисенғалиева сөз сөйлеп, қорытындылады. Иә, біз үшін еліміздің өркендеуі, халықтық ерекшелігіміз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтау – қымбат қазына. А.КАБЕСОВА, Жем ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы
Ұршық ұмыт қалмасын
- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 87