Құрсайдың жағалауы құлпырып тұр

Студент кезімізде Жайықтың бойымен серуендеп келе жатып өзіміздің Құрсайды ойлап қоятын едік. Қамыс толып, суы құрыған өзек еске түскенде көңіліміз жабырқап сала беретін.

Ішімізден «Құрсайымызда да Жайықтың бойындағыдай жағалау болса ғой, шіркін!» деп жас қаланың көркейгенін көз алдымызға елестететінбіз. Психологияда «визуализация» дейді ғой. Сол арманымыздың қазір заттанғанына біз ғана емес, аудан тұрғындары да қуанып жүр. Енді, міне, кешкі таза ауамен Құрсайдың бойындағы жаңа жағалаумен серуендеп келе жатырмыз. Өзеннен соққан салқын леп тынысымызды аша түскендей. Қасымыздағы достарымыздың да көңілдері көтеріңкі.

Барлығы да жаяу жүргіншілерге арналған жаңа тротуарлардың серуендеуге өте ыңғайлы екенін айтып, мәз-мейрам. Кейбірі жағалаудың жұмысы аяқталған соң велосипедін алып шығатынын айтуда. Өйткені қалада велосипед тебетін арнайы орынның жоқ екені аян. Енді бұл да жақсы мүмкіндік болмақ. Бір жағынан, атқарылып жатқан үлкен жұмысқа қуанып әрі армандап келе жатып, біраз жерге барып қалыппыз. Жанымызға жайлылық сыйлаған жаңа жағалаудың құрылысы әлі біткен жоқ. Қазірдің өзінде біраз өзгеріп, құлпыра түскен Құрсайдың алдағы келбетін тамашалауға асықпыз.

П.ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521