Құрсай өзенінің жаңа жобасы

Аудан әкімі Азамат Бекеттің төрағалығымен Құрсай өзенінің арнасын қайта жасау, абаттандыру жобасы бойынша кеңес өтті.

Оған аталған жобаны жүзеге асырушы мердігер мекеме өкілдері, қала мен кент, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, аудан тұрғындары қатысты. Қала әкімі Шәкір Кейкин бұл жобаның құжаттары 2016 жылы басталып, облыс әкімдігінің қолдауымен «Игілік» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келетінін жеткізді. Қала әкімі қазіргі кезде Құрсайдың биік жаптары қала көркін бұзып тұрғанын және оны белгілі мөлшерде төмен түсіру керектігін айтты. Ал Нұрлан Қондыбаев Құрсай өзенін абаттандыру жобасымен таныстырды.

-Облыстық құрылыс басқармасы мақұлдаған жоба бойынша Бақашы, Құржем, Қамыскөлден шлюз салынады. Құрсайдың 3 шақырымы 80 см тереңдікте қазылады. Құлсары қаласының ішіндегі өзеннің 9 шақырымы 80 см тереңдетіледі. Дегенмен жобадағы бұл тереңдік көп жылдар бойы құмығып қалған өзекке аздық етеді. Сондықтан тереңдікті 1,5-2 метрге дейін қазған дұрыс деп ұйғардық. Құрсайдың 3 шақырым жағалауы абаттандырылмақ. Құрсайдың арнасының ені 20-25 метрге келтірілетін болады, - деді Н.Қондыбаев.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Кәдіров Құрсайды тереңдеткен жағдайда 5 учаске мен «Достық» ықшамауданы ортасындағы тұрбалардан жасалған көпірдің жағдайы не болатынын сұрады. Мердігер мекеме өкілі оны да реттейтінін айтты.

Қала тұрғыны Асылбек Шыңғысов Қамыскөл көлінің айналасын абаттандыру, оны жеке иелікке беру керек деген ұсынысын берді. Сонымен қатар, Жем өзені мәселесіне орай экологиялық экспедиция ұйымдастыру керектігін айтты. Аудандық мәслихат хатшысы Мұхтар Кенғанов, депутат Халел Жамал, Ерқұл Дәулетбаев, Бисембай Қариев Жем өзені, Қамыскөл көлі және атқарылып жатқан жобаға байланысты өздерінің пікірлерін білдірді.

Кеңес соңында жобаны жүзеге асырушы мердігерлер мен қатысушылардың орынды ұсыныстары ескеріліп, бірауыздан мақұлданды. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, Құрсайдың жаңа жобасы қала тұрғындары мен қонақтардың демалыс орнына айналады деп сенеміз.

Қ.Дүйсенбетов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT