Құрсай іші қаулаған қамыс

Құлсары қаласы ішін кесіп ағып өтіп жатқан Құрсай өзегінің жағасы адам танымастай өзгеріп, абаттандырылды. Тіптен қаламызға көптен келмеген жандар мұны көргенде таңқалары хақ. 2018-2019 жылдары Құрсай маңына жағалау салуға 2 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған. 4460 шаршы метр болатын өзек бойы қазылып, қоқыстан, қамыстан тазартылып, сол уақыт аралығында плиталар төселген болатын. Ал 2000 шаршы метрге төсемтастар төселіп, жаңа демалуға арналған орындықтар қойылып, көше жарығымен қамтамасыз етілді. Аталған жұмысты мердігер «Орлан ЖШС» мекемесі атқарды.  

Жағалауы бетондалып, әсем темір шарбақтармен қоршалып, жарық шамдар орнатылған соң мүлдем өзгеріп, көрікті келбетке ие болды. Бір сөзбен айтқанда, Құрсай жағасы құлсарылықтар мақтаныш ететіндей мүлдем басқаша реңге енді. Сөйтіп саябақтармен қатар халықтың тағы бір демалыс орны пайда болды. Кешкілік осы жерге кеп серуендеп жүрген тұрғындарды көптеп кездестіруге болады. Олардың бірі жәй ғана қыдырыстап жүрсе, енді бірі спорттық киім киіп ап жүгіріп бара жатады. Жүгірумен айналысатын әуесқой спортшылар үшін таптырмас орын болып алды. Мұның бәрі ғанибет! Алайда осы тамаша көріністі бұзып тұрған бір әттеген-айлар бар. Соны қала басшыларының назарына ұсынуды жөн көрдік.

Құрсай өзегінің ішін қамыс пен құрақ басып кеткен. Жағалаумен келе жатып, су бетіне үңілсеңіз, тербетілген толқынды емес, желмен ырғатылған қамыстарды көресіз. Өзек іші - тұнған шөп-шалаңдар мен аспанды бойлай өскен қамыс. Жем суының бір тарамы болғандықтан көктемде молаятын өзек суы күзге қарай тартылады. Бірақ биыл су мол келгенін ескерсек, Құрсай іші әлі де суға толып тұруға тиісті еді. Біздің ойымызша, көптен алынбай  қаптаған қамыс онсыз да қысқа қарай азайып кететін суды бойына сіңіріп алған. Бұл ойымыз, бәлкім, қате де болар, дегенмен қамыс суға өседі емес пе?!

Ал өзекті басып кеткен қамыс жағажайдың көркіне көрік қосып тұрған жоқ, керісінше көзге қораш көрінеді. Қаулап өсіп, сарғайып қураған қамыстың арасында тұрғындар лақтырған қоқыстар да жатыр. Бұл да бізді қынжылтады. Кешке жағалауға кеп, таза ауамен тыныстап сергиін десек, шіріген қамыс пен оған қосылған қоқыстардың күлімсі иісі отырғызбайды.

Құлсары қаласы әкімдігі өзекті қамыстан арылту жұмыстарын неге жүргізбеген? Расымен, жағалаудың ашылғанына 3 жылға жуық уақыт  болса да, Құрсай іші қамыстан тазаланбаса керек. Бұған дейін тек «Жасыл ел» жастар жасағы жұмыс жасайтын маусымда тазартылған. Десе де, бұл еңбек жасағының жас сарбаздарының қолынан өзекті қамыстан тазалау келмейді. Мұны арнайы техникалық су көліктерімен немесе өзге де құралдармен тазалау қажет. Бұған неге қалалық әкімдік тарапынан бюджеттен қаржы бөлінген.

Орындықтарды қиратқан кімдер?

Өзек жағалауына демалуға келгендер оның игілігін көріп қуанса, енді бір санасыз жандар сол әсемдікті бүлдіріп әлек. Жағалай серуендеген жұрт шаршағанда отырып демалсын деп қойылған орындықтарды аяусыз қиратып кетуде. Қоқыс салуға арналған темір урналарды да сындырады. Бұл туралы  қала әкімі Ернар Ысмағұлов та қынжыла  айтты.

-Жағалауда қоқыс жәшіктері мен отырғыштарды сындырып тастаған вандалық фактілер тіркелді. Әкімшілік тарапынан аудандық полиция бөлімшесіне бұзақыларды анықтау мақсатында хат жолданды. Қазір жағалауда бейнебақылау орнатылған,-дейді ол.

Ендеше бейнекамералар орнатылса, тәртіпсіз сотанақтар неге айылын жимайды? Мұны аудандық полиция бөлімшесінен сұраған болатынбыз. Жағалауға бейнекамералар орнатылғанымен әлі іске қосылмаған. Тәртіп сақшылары жағалау маңайындағы камералар әлі аудандық полиция бөлімшесіне қосылмағанын, тек жылжымалы камераларды қарайтынын  айтып өтті.

whatsapp-image-2022-10-13-at-15_02_38

Жауапты мекеме жауап беруге асықпады

Қала келбетіне айрықша көрік қосқан әсем жағалаудың жағдайы осылай күн өткен сайын нашарлай берсе, ертеңгі күні не болмақ?! Қаптаған қамыстан құтылуға мүмкіндік бар ма? Бұл туралы сұрақтарды қала әкімінің орынбасары Қадіржан  Адиновке қойған болатынбыз. Деседе, көкейкесті сұрағымыздың жауабын әлі алмадық.

Құрсай жағалауымен өтіп бара жатқан қала тұрғынының пікірін білдік. 4-ауыл тұрғыны Ж.Маратованың айтуынша, қамыстарды тазалауға әкімшілік жауапты болса да, бұзылған орындықтарға кінәні өзімізден іздеу керек дейді ол.

-Айталық, жағалаудың маңы лас, демалуға жарамсыз болып қалған дедік. Оның себебін тиісті тазалық мекемелерінен көре бергеніміз де жөн болмас. Тұрғындар тарапынан да кетіп жатқан қателіктер баршылық. Барды күтіп ұстамау, бұзу, сындыру қашан тыйылады? Өйткені, тек жағалаудың отырғыштары ғана емес, барлық бой көтерген ойын алаңдары да, басқа да демалыс саябақтары да істен шығып жатқаны өтірік емес. Оған қалалықтардан басқа ешкімді кінәлай алмаймыз. Әкімдер кеп бүлдірмейді ғой енді,-дейді тұрғын.

 «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, баршамыз қаламыздың келбетін аяласақ, мынадай олқылықтар орын алмас еді. Сондай-ақ, қолда бардың қадірін білсек екен. Әйтпесе, тазалықпен бірге тәртіпсіздік мәселесі де  күн тәртібінен түсер емес.

 

А.Таубаева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521