Құрсайға батқан бала құтқарылды

Жанұшыра су ішінен баласын тауып жағаға алып шыққанымен, ол едәуір су жұтып қойған.

Құрсай жағасында ойнап жүрген жылыойлық бір бала кенет құлап, өзекке батып кеткен. Сол бойда қасында жүрген әкесі мұны көре салысымен суға секіреді. Жанұшыра су ішінен баласын тауып жағаға алып шыққанымен, ол едәуір су жұтып қойған екен. Баланың есі кірмей, тыныс алмай жатқанын көрген әжесі «Жедел жәрдем» шақырады. Дәрігерлер көп күттірмей келеді.

- «Жедел жәрдем» станциясына дабыл түсісімен, біз 3 минут ішінде оқиға болған жерге жеттік,- дейді сол күні кезекшілікте болған фельдшер Ботакөз Бағытжанова.- Біз келгенде баланың тыныс алу жолдары бітеліп, ес-түссіз жатты әрі денесі көгеріп, мұздаған. Дәл осы қалыпта енді бірер минут жатқанда оны мәңгіге жоғалтып та алар еді.

Дәрігерлер сол жерде емдік құтқару шараларына кіріседі: әуелі баланың өкпесін судан тазартып, бұдан соң жүрекке жанама массаж жасап, тыныс алдырады. Артынша жылы жамылғыға орап, әжесімен бірге орталық ауруханаға әкеткен. Бала әбден өзіне келген соң, медицина қызметкерлері оның денсаулығын жан-жақты тексерген.

Мамандардың айтуынша мұндай кезде жас баланың жанында жақын туыстарының болғаны жөн, себебі мұндай оқыс оқиғаға тап болған балалар шошынып, психологиялық дағдарысқа ұшырауы мүмкін екен. Осылайша бір өмір кездейсоқ қатерден аман қалды.

С.Тәжіқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521