«Ұрпаққа аманат – Отанды қорғау»

Көз жанарының көруі шектеулі болса да, өмірге деген құлшынысын жоғалтпаған жандардың жанқиярлық еңбегі көпке үлгі. Қашан барсаң да шағын ғимарат іші қайнаған қарбалас тірлікке толы. Бірде аудан, облыста өтетін жарыстарға дайындалып жатса, ендігі кезекте өз ұжымындағы шараларға әзірлік жүргізуге кіріскенін көресің. Иә, «Қазақ Соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалы алдағы уақытта да елдік рухты көтеретін іс-шараларды жалғастырып, қоғам өміріне белсенді араласуды көздеп отыр. Жуырда Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған «Ұрпаққа аманат – Отанды қорғау» атты мерекелік шара – соның айғағы.

- Шараның басты мақсаты – ер- азаматтарды құрметтеу, Отан алдындағы өтелер борыштың қасиетін жас ұрпаққа ұғындыру, елдікті қадірлеу, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғаммен бірге өмір сүріп, рухани тұрғыдан белсенді екенін көрсету, - дейді қоғам басшысы Саламат Темірбеков.

Шара барысында қоғамдық бірлестік мүшелері өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Қалдыбай Дүйсәлі ақсақал жүрек тебірентер «Жеңіс күні» өлеңін мәнерлеп оқыса, «Әжелер» ансамблі көпшілікке таныс әрі сүйікті «Ағаларым» және «Құрбыжан» әндерін шырқады. Базарбай Қоразов «Немерем», «Қаракөз» әнін жан тебірентерлік күйде жеткізсе, Айнагүл Жекеева «Әкені аңсау» әнін нақышына келтіре орындады. Мансур Ысқақов «Көк тудың желбірегені» және «Менің әкем – жақсы адам» әндерімен көрермендерді тәнті етті. Жайнаргүл Баймешеваның орындауындағы «Тәуелсіз қазақтың қызымын» әні көрермен көңіліне елге деген мақтаныш сезімін ұялатты. Сонымен қатар Саламат Темірбековтің «Әке» атты монологы да көп көңілінен шықты.

Мерекелік шара мерекелік дастарханмен жалғасып, бірлестікке мүше қыз-келіншектер ер-азаматтарға арнап естелік сыйлықтарын табыстап, ақ тілектерін арнады.

А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT