Еліміз Атом электр станциясының құрылысын салу туралы ірі жоба бойынша шешім қабылдайтын кезеңге таяп қалды. 6 қазанда өтетін жалпы ұлттық референдум – Қазақстанның болашақ тағдырын айқындайтын мемлекет үшін өте маңызды тарихи оқиға болғалы тұр. Біз осыған орай аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Зәуреш Қалмұхановамен тілдесіп, сайлау учаскелерінің сайлаушылар үшін дауыс беруге дайындық барысын сұраған едік.
-Зәуреш Тұқпатоллақызы, еліміздегі аса маңызды саяси науқанға байланысты ауданның әзірлік жұмыстары қалай жүріп жатыр?
-Иә, осы жылдың 6 қазанында ҚР Президентінің Жарлығымен республикалық референдумның өту уақыты тағайындалды. Өзіңіз айтқандай, бұл – өте маңызды саяси науқан. Содан бері референдум комиссияларының барлық мүшесінің қатысуымен біліктілікті арттыру, референдумды ұйымдастыру семинарлары, оның заңға сәйкес өтуі талқыланды. Негізінен, референдум «азаматтардың референдумға өз ықтиярымен қатысуы және өз еркін ашық білдіруі, референдумға жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бірдей тең және төте қатысу құқығы, сонымен бірге, жариялылық» принциптері негізінде өтеді. Яғни референдум ашық әрі жариялы түрде өтеді. Дайындық барысында ауданға Орталық референдум комиссиясының төрағасы Н.Әбдіровтің өзі қызметтік іссапармен келді. Ол тасқын судан зардап шеккен референдум учаскелерін аралап, әзірлігіне назар аударды. Комиссиялар өз деңгейінде жұмысын өткізуге дайын екені көрінді.
-Ауданда қанша сайлау учаскелері бар?
-Қазіргі таңда осы науқанды өткізетін 1 аумақтық, 24 учаскелік референдум комиссиялары өз жұмыстарын бастады. Барлығы - 215 адам.
–Референдум комиссияларының міндетіне не кіреді және комиссия құрамына кімдер мүше бола алады?
-Аумақтық референдум комиссиясы тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністердің аумағында референдум туралы заңның орындалуын бақылауды жүзеге асырады, учаскелік референдум комиссияларынан дауыс берудің нәтижесі туралы хаттамаларды алады, қорытындысын шығарады. Комиссия құрамына Қазақстан Республикасының жасы 18-ге толған кез келген азаматы мүше бола алады. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 10 және 19-баптарымен аумақтық, округтік учаскелік комиссия құрамын саяси партиялардың ұсынысы негізінде тиісті мәслихаттар қалыптастырады. Ұсынылған комиссия мүшесі мәслихат орналасқан әкімшілік-аумақтық бірліктің тұрақты тіркелуінде болу керек. Егер сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген, болмаса алынып тасталмаған адам болса, сот іс-әрекетке қабілетсіз немесе іс-әрекет қабілеті шектеулі деп таныса, ондай адам комиссия мүшесі бола алмайды.
–Сайлаушылар тізіміне енгізу, дауыс беру тәртібі қандай, жанұяның бір мүшесі үйдегі өзге туыстары үшін дауыс бере ала ма? Егер сайлаушы өзінің тұрғылықты жерінде дауыс беру мүмкіндігі болмаса, онда не істеуі керек?
-Сайлаушы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 24-бабының 3-тармағы негізінде, әр азаматтың сайлаушылар тізіміне енгізілуі оның осы сайлау учаскесінің аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркелу дерегі негіз болады. Осы заңның 41-бабының 1-2 тармағына сәйкес, әрбір сайлаушы жеке өзі ғана дауыс береді. Референдум кезінде өзінің таңдау құқығын басқа біреуге беруге және басқа адам үшін дауыс беруге жол берілмейді. Егер сайлаушыға өзінің тұрғылықты жерінде дауыс беру мүмкіндігі болмаса, оған жеке өзінің өтініші негізінде дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі табысталады. –Референдумда дауыс беру қай уақытта басталып, қай уақытта аяқталады? -Референдум комиссиялары дауыс беруді жергілікті сағат 7-00-ден бастап, 20-00-де аяқтайды.
– Дауыс беру учаскелерінде жалпы қағида мен қоғамдық тәртіп қалай камтамасыз етіледі?
-Әр референдум комиссияларында дауыс беруге арналған тәртіп қағидалары бар. Сол сақталады. Арнайы бақылаушылар отырады. Ал қоғамдық тәртіпті полиция бөлімі қамтамасыз етеді.
–Қазіргі кезде сайлауға байланысты халықаралық деңгейде баса назар аударылып жатқан мәселе – ол мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруі. Осы тұрғыда қандай қадамдар жасалуда?
-Бұл мәселе өз шешімін тапқан, жоғары деңгейде ұйымдастырылып отыр. Мүгедектігі бар адамдарға референдум комиссияларында арнайы орын қарастырылған. Ол орын барлық керек-жарақпен жабдықталған. Компьютер, диск, құлаққап, үлкейткіш, Брайл қарпі, арнайы орындық, тағы басқа да материалдар бар. Дауыс беру кабинасы кеңейтілген. Референдум учаскесіне кіру, шығу ыңғайлы, стандартқа сәйкес пандустар құрылған. Сондай-ақ автокөліктер бөлінген. Баспанасынан алысқа ұзап шыға алмайтын, үйден дауыс беретін мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты жасамыс жандарға да арнайы бөлінген топ аяқтай барып, өз таңдауын жасауына жағдай жасайтын болады.
-Ел ертеңі үшін қолға алған істеріңізге сәттілік тілейміз. Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: П.ҚИЗАТОВА