Сарғайған суреттер сөйлейді...
Сарғайған фотосуреттерде жүзін шілденің аптабы шым-шым сүйіп, ақпанның аязы аялаған шопандар мен жылқышылар тұр. Аудандық газеттің фототілшілері сырт-сырт суретке түсірер сәтте бірі жаңа туған қошақандарды құшақтаған қалпында, енді бірі жем-шөп ору науқанының қызыл танау қарбалас сәтінде, енді бірі даланың шаңын бұрқырата құйғытып келген шақтағы машина һәм трактордың кабинасына асылған күйі қатып қалған. Жүздерінен қайсарлық пен қарапайымдылықты қатар аңғарасыз, титтей де бір мардымсуы жоқ маңғаздықты да, ерінбейтін еңбекқорлықты да...
Осы қалыптарында олар фотоаппараттың кадрларына ілігіп, бұрынғы қоғамдық формацияға мүлде қарама-қайшы басқа бір қоғамдық формацияға да еніп кеткен. «Жүз қойдан жүз елу қозы алатын» боп белгіленген бесжылдық жоспарлар, иен даладағы сағымдай романтика, радиоқабылдағыштан ауа толқынындағы тыйым салынған шетел ақпаратын аулайтын әуесқойлықтары да осы ескі суреттерде қалып қойған. Бүгінде осы бақытын адал еңбектен тапқан жандардың көбі марқұм боп кетті, бірқатары арамызда. Сол аға-апалар өткен шаққа саяхаттасын деп осы ақ-қара түсті фотосуреттерді жариялап отырмыз. Біз сіздердің еңбектеріңізге басымызды иеміз, дала ерлері!
С.ТӘЖІҚЫЗЫ