Республикалық штаб құрамы Жылыойда

Медицина саласындағы жедел жәрдем көлігі жетіспеушілігі жойылып, ауылдық жерлерден амбулаториялық емдеу орындары ашылды.

«Nur Otan» партиясының республикалық сайлауалды штабы ауданға арнайы іс-сапармен аяқ басты. Штаб құрамында облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер Сайын Қуанышев, Асылбек Джакиев, Қанатбек Қасымғалиев бар. Партия ардагері Мақсым Ізбасов бастап келген штаб өкілдері ең бірінші кездесуін «Жылыоймұнайгаз» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен өткізді. Аталған бастауыш партия ұйымының құрамында қазіргі таңда 800-дей партия мүшесі бар. Үгіт-насихат жұмыстарын түсіндіру кезінде Мақсым Шафихұлы партияның бес жылдық сайлауалды бағдарламасын таныстырмас бұрын өткенге көз жіберіп, тоқырау жылдарындағы халық болып көрген қиыншылықтарды тілге тиек етті. Сонау, Тәуелсіздік алған 90-жылдардың басынан бастап, әр сала бойынша қол жеткізген жетістіктерімізді түгендеді. Шекарамызды шегелеп, жаңа астанамызды салып, билік партиясының сарабдал саясатының арқасында биік белестерді бағындырып келеміз дейді ол.

Қазақ мұнайының қара шаңырағына айналған Жылыой өңірі республикадағы саусақпен санарлық донор аудандардың қатарына кіреді. Ірі кәсіпорын, Теңіз кеніші іске қосылғалы аудан халқының әлеуметтік жағдайы түзеліп, өзге өңірлермен салыстырғанда бірқатар алда келе жатқанын білеміз. Өндірістік кәсіпорынның жұмысы қарқынды іске қосылған күннен бастап, ауданда көптеген игі бастамалар қолға алынды. Ең әуелі бала тәрбиесі мен білім саласындағы мәселелер өз шешімін тапты. Заманға сай жаңа мектептер бой көтеріп, бұрын үш ауысыммен оқитын мектеп жасындағы оқушылар, күніне екі ауысыммен дәріс алатын күнге жетті.

Ауданның білімді оқушыларына лицей-мектеп ашылды. Жыл сайын су жаңа балабақша нысандары бой көтеріп, аудан бүлдіршіндерінің түгелдей дерлігі бөбекжаймен қамтылып отыр. Ауданға қарасты елді мекендер мен қала арасына қатынайтын тас жолдар салынып, көшеаралық жолдар жөндеуден өткізілді. Үш жылдық жоспармен, үш кезеңге жасақталған 108 км жол салу жұмыстары жүргізіліп, қала көшелерінде теп-тегіс асфальттар пайда болуда. Медицина саласындағы жедел-жәрдем көлігі жетіспеушілігі жойылып, ауылдық жерлерден амбулаториялық емдеу орындары ашылды.

Құлсарының орталығында орналасқан тозығы жеткен, ескі үйлер сырылап тастап, орнына жаңа тұрғын-үйлер тұрғызылды. Одан бөлек, әрқайсысы 100 пәтерлі, көпқабатты 12 үй құрылысы басталып кетті.

Айта берсең ауданда атқарылып келе жатқан игі істердің саны шексіз. Жеріміздегі шикізат көзі мұнай мен газдың арқасында ең бай ауданға айналып, ел экономикасының қарыштап дамуына сүбелі үлес қосып келе жатырғанымыз жасырын емес.

Штаб өкілі өз сөзін аяқтаған соң кездесуге қатысушыларды келер жылдың 10 қаңтарында өтетін сайлауда еліміздегі бас партия «Nur Otan»-ға дауыс беруге шақырды.

Бастауыш партия ұйымы мүшелері нұротандықтардың сайлауда айы оңынан тусын деген ақжарма тілектерін жеткізіп, қолдайтындарын айтты. Дегенмен, мұнай саласы мамандарының да көкейінде сан түрлі сауалдар жүр. Оның ішіндегі ең өзектісі аудандағы ауыз су тапшылығы, Мекемеде бөлім басшысы қызметін атқаратын Қази Бисенов жаз мезгілінде ауыз судың уақытпен берілетінін айта өтіп, мәселенің шешемі қашан табылады? - деп сұрақ қойды.

Сондай-ақ бөлім басшысы «Атырау-Маңғышлақ» водоводын реконструкция жасап, күнделікті пайдаланатын су көлемін көбейту қашан жүзеге асырылатынын сұрады. Сонымен бірге, кездесуде Жем өзені арнасын толтыру жағдайы жан-жақты қарастырылса деген ұсыныстарын білдірді. Өйткені, өңірдегі агроөнеркәсіптің дамуы Жем арнасының толығуымен тікелей байланысты.

Кездесуде көлік қызметінің инженері Нұрлан Бешімов «Бейнеу-Бозой» тасжолын салуды ұсынды. «Оңтүстіктен батысқа ауылшаруашылығы өнімдерін тасымалдауды одан әрі жеңілдету мақсатында 500 км-ге жуық жол салынса қарапайым халық жағдайы жақсарар еді» дейді ол.

Сонымен қатар, республикалық штаб құрамына аудандағы ең басты проблемма жұмыссыздық жайында біраз сұрақтар қойылды. Теңіз кен орнына індет кезінде алыстан арбаламай, жақын маңдағы Жылыой тұрғындары жұмысқа тартылсын деген де ұсыныстар қойылды.

Ал, штаб өкілі Мақсым Ізбасов партияның бағдарламасында аталған мәселелерді шешу көздері қарастырылғанын айтады. Бүгінге дейін ескерілмей келе жатқан жағдайлар жоқтың қасы, дегенмен ұсыныстарыңызды партия төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбекке берген есебімде қозғайтын боламын деп жауап берді.

Шаттық Хамитова

"Nur Otan" партиясының Атырау облысы сайлау қоры

қаражатының есебінен төленді

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521