АЭС салу - заман талабы. Себебі, әлемде болсын, елімізде болсын энергия көзінің жетіспеулігі бар екені жасырын емес. Бірақ, бұл ретте халықтың ішінде көптеген түсініспеушілік те кездесетіні аян. Дегенмен, ақиқат пен аңызды тек білім арқылы ажырата аламыз. Күллі әлем күн өткен сайын жаңғырып, дамыл таппай, дамудың даңғыл жолына түскен. Бұл атом электр стансаларында электр энергиясын өндіруге де қатысты. Атом энергиясын табысты өндірудің негізгі тұтқасы - ядролық реакторды дұрыс таңдау.
Реактордың түр-түрі бар. Дегенмен ақылға салып, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, оңтайлысын таңдар болсақ, үлкен жетістік болмақ. Жоғарыда жазғанымыздай реактор өндіруші АҚШ сияқты алпауыт елдер жыл сайын жаңарып, реакторды одан әрі қауіпсіз қылуда. Бұл салаға қыруар қаржы бөлініп, ядролық реакторларды дамытуға қарқынды жұмыстар жасалып жатыр.
Көңілімізге қорқыныш ұялататын Чернобылдағы, өткен КСРО кезіндегі реакторлар мен атом сынақтары келмеске кеткен. Сол себепті, үрейден гөрі жарқын болашақтың үмітіне ерік бергеніміз абзал. Бұл жерде АЭС салудағы басты басымдықтың бірі - мұны тек бір ел ғана емес, бүкіл әлем біріге салатын болады. Неге десеңіз, халықаралық ұйымдар көз алмай, әркез жіті бақылауда ұстайды. АЭС-тың тағы бір басымдылығы- тұрақты энергия көзі. Бағасы жағынан да тиімді. Әйтпесе, жаһандық экономиға едәуір әсер ете алатын АҚШ, Жапония және тағы да сол сияқты ілгері жылжып кеткен елдер бір емес, оннан астам, тіпті жүзге жуық АЭС салмас еді. Қаншалықты "Жасыл энергия-болашақтың кепілі" деген популистік ойға ілескіміз келсе де, ақылдың парасаты "түйіткілдің түйінін тарқататын тек қана атом электр стансасы" деген тоқтамға тіреледі.
Темір Өмірзақұлы