Елімізде алда өтетін референдум мемлекет дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды саяси науқан. Бұл әрбір азаматтың ел тағдырына тікелей ықпал етуіне мүмкіндік беретін демократиялық тетік. Осыған орай түсіндіру жұмыстары өңірлерде қарқынды жүргізілуде.
Бұл ретте ауданымыздағы коалиция мүшелері «Жылыойсу» КММ ұжымымен кездесіп, референдумның мәні мен маңызы жөнінде кең көлемді ақпарат берді. Кездесу барысында науқанның құқықтық негіздері, оны өткізудің тәртібі және қоғам дамуына тигізер ықпалы жан-жақты түсіндірілді.
Мамандардың айтуынша, референдум – халықтың еркін білдірудің ең тиімді әрі ашық жолы. Қазақстанда республикалық референдум өткізу тәртібі арнайы заңмен реттеледі және ол ел Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, мемлекеттік маңызы бар шешімдерді қабылдау сияқты маңызды мәселелерді шешуге бағытталады. Бұл тетік халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, елдегі демократиялық үрдістердің дамуына серпін береді. Осыған байланысты «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Сайлайбау Таласов бастаған коалиция мүшелерінің І тобы «Жылыойсу» мекемесіне табан тіреп, 50-ден астам адамға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды. Коалиция өкілдері референдумның ашық әрі заң аясында өтетінін атап өтіп, әр азаматтың белсенділігі әділ әрі айқын нәтижеге кепіл болатынын жеткізді. Сонымен қатар, дауыс беру құқығы бар әрбір азаматтың елдік маңызды шешімдерге қатысуы оның конституциялық міндеті әрі азаматтық ұстанымының көрінісі екені баса айтылды. Жиын қорытындысында мекеме қызметкерлері ұсынылған ақпараттарды қолдайтындықтарын білдіріп, алдағы референдумға белсенді қатысуға дайын екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ, ұжым мүшелері ел болашағына бейжай қарамай, өз таңдауларын жасауға ниетті екендерін атап өтті.
Түсіндірме жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және саяси белсенділігін күшейтуге бағытталмақ. Себебі референдум – тек саяси науқан ғана емес, ол – халықтың ортақ жауапкершілігі мен ел болашағына деген сенімінің айқын көрінісі.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ




