Құтқарушының ең басты міндеті – адамдар өмірін құтқару, бұл өте жауапты миссия. Халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеуді қадағалап, қалтқысыз қызмет ететін құтқарушыларға деген құрмет қашанда жоғары болуы керек.
Апат айтып келмейді. Тілсіз жау тап бергенде азаматтарға бірінші болып көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары. Ал құтқарушы болу екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Бұл мамандықты адамның өзі емес, керісінше құтқарушылық қызмет адамды таңдайтындай ой қалдырады. Өйткені бұл салада тек үлкен жүректі, білімді де, білікті, кез келген жағдайға әрдайым әзір, машыққан тәжірибелі адамдар қызмет етеді. Құтқарушылар физикалық жағынан мықты әрі кәсіби маман болып қана қоймай, өздерінің тынымсыз қызметінде апат, зілзала, өрттен бөлек түрлі жағдайларда зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетуге де әрдайым әзір.
Ғаламдағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың бірі, Жаңа-Қаратон кенті №9 Өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Әлібек Сеитов Сәрсенбайұлы. Ол 1991 жылы 10 тамызда Құлсары қаласында дүниеге келген. Отбасында әкесі, әйелі және төрт баласы бар. 2009 жылы Құлсары қаласы №5 жалпы орта білім беру мектебін бітірген. 2010-2011 жылдары әскери борышын Алматы қаласы №2468 әскери бөлімінде абыроймен өтеген. Алғашқы еңбек жолын Азаматтық қорғау органында 2013 жылдың сәуір айынан бастайды. Өзін ешқашан өрт сөндіруші боламын деп елестетіп көрмеген ол, бұл мамандық иесі атанғанына еш өкінбейді.
- Мен ешқашан өрт сөндіруші боламын деп ойламадым. Бірақ бұл салаға мені өмірдің өзі әкелді. Мен өзімді абыройлы мамандық иесімін деп санаймын. Сондықтан бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін, алға койған мақсатым –абыройлы қызмет етіп, азаматтық қорғау органының үздік офицері болу, - дейді Әлібек Сеитов.
Әлібек қоғамдық шараларға қатысып, белсенділік танытып та жүр. Кіші аяқ доптан өткен аудандық, облыстық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. 10-ға жуық ірі өрттерге қатысып, адамдардың өмірі мен материалдық құндылықтарын құтқарды. Атап айтсақ: 2022 жылы қараша айының 23 күні Жаңа-Қаратон кентіндегі «Асылтас» көшесінің №243 үйдің шатыры жанып жатырғаны жөнінде хабарлама түседі. Оқиға басына барған Ә.Сеитов қасындағы әріптестерімен өрттің одан әрі таралуына жол бермей, үйді аман алып қалды. Үй иесі өз ризашылығын білдірді.
Ал наурыз айының 25 күні Жаңа Қаратон кентінің «Ақсарай» көшесіндегі бір үйдің гаражы жанып жатыр деп хабарлама келіп түседі. Қырағылығын жоғалтпаған Әлібек гараж ішіндегі автокөлікті бірінші байқап, әріптестерімен бірлесіп сыртқа итеріп шығарды. Сондай-ақ сәуір айының 6-сы күні Қосшағыл ауылдық округіндегі №2 мектеп интернаттың асханасындағы өртті дер кезінде ауыздықтап, өрттің таралуына жол бермеді. Абыройлы қызметі үшін аудан әкімінің алғысхатымен марапатталған. Күн сайын табиғи апат салдарынан туындайтын немесе қауіпсіздік ережелерін дұрыс сақтамау салдарынан шығатын өрттермен бетпе бет келіп, тілсіз жаудың «тілін табуға» тырысатын маман иелерінің қызметі шын мәнінде оңай емес.
Перизат ҚИЗАТОВА