Жақында Құлсары қаласындағы орталық базарға бардық. Жаз айы - көкөніс пен жеміс-жидек саудасының қызатын шағы. Сондықтан базардың осы бөлімінде халық көп. Кейбір тұтынушылардың базардан ренжіп, әлденеге наразы боп шығып бара жатқанын байқадық.
Жақында Құлсары қаласындағы орталық базарға бардық. Жаз айы - көкөніс пен жеміс-жидек саудасының қызатын шағы. Сондықтан базардың осы бөлімінде халық көп. Кейбір тұтынушылардың базардан ренжіп, әлденеге наразы боп шығып бара жатқанын байқадық. Сөйтсек, көкөніс пен жеміс-жидек бағасы қымбаттап кетіпті. Мәселен, осыдан бірер күн ғана долананың бағасы 300 теңге болса, ол бірден 400-450 теңгеге бір-ақ көтерілген. Басқа жемістердің бағасы да бұрынғыдан өскен. Қызанақ бұрын 200 теңге болса,енді 300 теңге, қияр 100 теңгеден 200 теңгеге қымбатсыған.
Базардағы бағалардың «қалыпты температурасы» осылайша сынаптай сырғып, «ыстығы» әлденеше есе көтеріліп кетіпті. Базардағы бір дүкеннің сатушысынан бағаның бұлай күрт қымбаттау себебін сұрағанбыз. Сондағы оның қайтарған жауабы тіптен қызық болды. «Енді Құрбан айт мерекесі болған соң халық дастарханға тағамдар мен жемістерді молынан қояды ғой. Жеміс-жидек, көкөністерді жылыойлықтар дорбалап , жәшікке тиеп сатып алып кетуде. Біз де осы жағдайды пайдаланып, бағасын қымбататтық»,- деді ол.
Ұрымтал сәтті оңтайлы пайдаланған, яғни халықтың мереке кезінде көл-көсір дастархан жаятынын, ол үшін базар, дүкен жағалайтынын білетін саудагерлер әлеңкедей жаланып бағаны көтеріп жіберген. Көкөніс пен жеміс-жидек бағасын аспандатқандардан мал сатушылар тіптен асып түскен. Олар бір қойдың бағасын 30 000-35 000 теңгеден бірден 60 000-65 000 теңгеге бір-ақ көтерген. Себебі Құрбан айтқа ең керекті не? Әрине, құрбандыққа шалынатын мал. Мал базарындағы онсыз да «жерге түспейтін» бағанының шығандап кеткені содан.
Құрбан айт - ежелден келе жатқан мереке. Құрбандыққа шалынатын малдың етін халық жетім мен жесірге, күнкөрісі нашар не кембағал жандарға үлестіреді. Осылайша сауапты іс жасайды.Құрбан айт болатын кезді аңдып отырып тауарын қымбаттатып, пайда табуды көздегендер сонда қандай сауапты іс жасады? «Е, құрбандыққа шалынатын мал екен. Мұсылман екенімді көрсетіп, арзандау бағаға сатайын не болмаса қымбатсытпай-ақ қояйын, себебі ол мұқтаж жандарға беріледі ғой» деп ойласа, ғанибет болмас па еді?!
Құрбан малы шалынған соң өмірден өткен жандардың аруағына арналып ас беріліп, Құран оқылып, еске алынады. Бұл да бір сауапты іс. Сондайда жеміс-жидек сататындар өрік-мейізімді арзандау бағаға берейінші, себебі олар аруақтарға дұға оқылатын дастарханға қойылады ғой деп имандылық танытса, қанеки!
Айт кезінде жұрт айтшылап, бір-бірінің үйіне барып, көрісіп-құшақтасып, қауқылдасып, мәре-сәре боп қалады. Бір сөзбен айтқанда, Айт- қазақты бірлікке шақыратын мереке. Ал осындай кезде «Мен де қазақпын ғой. Айт кезінде қызанақ пен қиярымды 100-150 теңгеге қымбатсытпай-ақ қояйыншы. Қазағымның мерекесіне қосқан үлесім болсын бұл» деп ойлайтын саудагерлер болса, ол да өнегелі іс болар еді-ау ! Алайда... Құрбан айт кезінде саудагерлерге мұндай ғибратты ойлар емес, «Бағаны көтеріп, қалтамды тезірек қампайтып алайын» деген ой келген екен. Бұған халық қалай ренжімесін?
С.ТӘЖІҚЫЗЫ
сурет: ашық дереккөз