ҚҰРБАН АЙТ – ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ МЕРЕКЕСІ

Құрбан айт намазы барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, мешіт ғимаратының ауласында оқылды.

Күллі мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айтты жылыойлықтар да асыға күтті. Таң намазы аяқталып, күн шығысымен олар Құлсары қаласындағы Жылыой мұсылмандары орталық мешітіне жиналды. Таңертеңгі сағат 7.00-де мұнда Құрбан айт намазы басталды.

Құрбан айт намазы барлық санитарлық талаптарды, арақашықтықты сақтай отырып, мешіт ғимаратының ауласында оқылды. Жылыойлық жамағатты осынау қасиетті мерекемен құттықтау үшін аудан әкімі Халел Жамалов пен аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров келді. Айт намазы алдында сөз сөйлеген аудан басшысы барша мұсылман жұртшылығын ынтымақ пен бірлікке шақыру жолындағы Құрбан айт мерекесінің ерекшелігін атап өтті.

-Бұл - халқымыздың бойында ежелден бар қайырымдылық сынды асыл қасиеттердің айрықша көрініс табатын күні. Жылдағыдай Құрбандық шалып, мұқтаж жандарға көмек беріп жатқан жомарт жүректі жандардың жақсылығы ұшан-теңіз. Баршамызға мереке құтты болсын! Ниеттеріңіз, шалып жатқан құрбандықтарыңыз қабыл болсын! Осындай ауызбіршілігіміз арта берсін. Аспанымыз ашық, қауіпті індет қашық болсын! - деді Х.Жамалұлы.

Сөз соңында аудан басшысы аймақта, соның ішінде ауданда ковид жұқтырған науқас жандардың көбейіп келе жатқанын ескерте келіп, сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды. Әкімнің құттықтау сөзінен кейін орталық мешіттің имамы Жасұлан Қағазғалиевтің имамдық етуімен жамағат Құрбан айт намазын оқыды.

Айт намазынан кейін ғибадат үйінің ауласында мешіттің ұйымдастыруымен жамағат үшін зәмзәм суы таратылып, түстен кейін 1700 баланың үйіне арнайы қорапқа салынған тәттілер үлестірілді. Біз жеке кәсіпкер «Сисенгулованың» мал сою орнында болдық. Онда «Жылыой кәсіпкерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қуаныш Аязбаевтың ұйытқы болуымен жылыойлық және атыраулық бір топ жеке кәсіпкер азаматтардың малы құрбандыққа шалынды. Атап айтқанда, олардың атынан 10 сиыр сойылып, еті азық-түлік тағамдарымен бірге аудандағы 150 мұқтаж отбасына таратылды. Құрбан шалу Алдахов көшесіндегі мал сою орнында да болды. Мұнда qurban2021.kz сайты арқылы онлайн тапсырыс беруші жылыойлықтар үшін құрбандық шалынып, еті аз қамтылған отбасыларға таратылды. Ал «Сенімді құрылыс» компаниясы мерекеге орай 60 отбасына арнап 20 мың теңгелік азық-түлік сертификатын табыс етіп, онымен бірге құрбандық етін де үлестірді.

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521