Рамазан – құлшылық айы

Биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 370 теңге деп бекітілді

Барша мадақтар мен мақтаулар әлемдердің раббысы Алла тағалаға тән! Оның сүйікті елшісі Мұхаммад (с.ғ.с) пайғамбарымызға сәлем мен салауаттар болсын! Мұсылман қауымы үшін жылдың ең қасиетті әрі ерекше айы – ол Рамазан айы. Барша халқымызды Рамазан айының келуімен құттықтаймын.

Пітір садақа мөлшері

Рамазан айында көптеген салиқалы амалдар жасау бұйырылған.Солардың бірі өткен Рамазан айынан осы жылғы Рамазан айына аман есен жеткеніміз үшін Алла жолында берілетін пітір садақасы. Пітір садақаның берілу уақыты - тек қана Рамазан айы болып саналады. Биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 370 теңге деп бекітілді.

Пітір садақаның құны республика бойынша есептегенде ұнның нарықтық орташа бағасымен шығарылды. Материалдық мүмкіндігі бар адамдар пітір садақаны мейіз - 3920 тг немесе құрма - 9400 тг құнымен бергені абзал.

ЕСКЕРТУ!

Қазіргі уақытта мешіттің уақытша жабық болуына байланысты пітір садақасы мешіт ауласына қойылған арнайы жәшікке салуға болатынын және қала ішіндегі әмбебап (супермаркет) дүкендерге мешіт атынан қойылған пітір садақа жәшігі бар екенін ескертеміз. Сонымен қатар пітір садақа үшін банк бөлімшелерінен арнайы электронды «Жылыой мұсылмандар» мешітінің шоты ашылатын болады.

Зекет беру жайында

Рамазан айында жасалған әрбір жақсылыққа еселеп сауап беріледі. Сондықтан көпшілік сауапты үміт етіп, осы айда зекет беруді әдет еткен. Құран Кәрімде: «Намазды орындаңдар, зекет беріңдер һәм Аллаға көркем қарыз беріп (садақа) беріңдер. Өздерің үшін алдын ала жасаған қайырларыңның (қиямет күні) Алланың қасында одан да қайырлы әрі мол сауапты екендігін табасыңдар», – делінген.

Зекет берумен зекет берушінің мал-дүниесі тазарады, берекесі артады. Ислам дінінде бай адамдардың зекет беруі – парыз. Бай деп қарызы мен қажеттілігінен артық өсімді мал-дүниесі дәл қазіргі уақытта 1 млн 170 мың теңгеге жеткен немесе нисаб мөлшерінде қойы, сиыры, түйесі, жылқысы бар адамға айтылады. Себепсіз пітір садақа және зекет бермеу күнә есептеледі.

Алла Тағала: «Алланың өз кеңшілігінен бергеніне сараңдық ететіндер, оны өздері үшін қайырлы деп ойламасын. Керісінше, бұл – оларға жамандық», - деп хабар береді.

Қадірлі мұсылмандар!

Рамазан айында көбірек игі іс жасауға асығыңыз. Ата-анаңыздың, үлкен кісілердің дұғасын алыңыз. Төтенше жағдай жарияланғандықтан үйіне бармасаңыз да телефон шалып көршілеріңіздің жағдайын біліңіз, туыстарыңыздан хабар алыңыз, науқастардың көңілін сұраңыз.

Карантин жағдайына байланысты биыл тарауық намазын және ауызашарды тек өзіңіздің жанұяңызбен өткізулеріңізді сұраймыз. Рамазан – құлшылық айы. 

Құрметпен,

«Жылыой мұсылмандары» мешітінің Бас имамы

ЖАСҰЛАН ҚУАНЫШҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521