Қара Арна ауылдық округіндегі №107 сайлау учаскесі бүгін таңғы сағат 07:00-ден бастап, өз есігін айқара ашып, алғашқы сайлаушыларды қабылдай бастады. Маңызды сайлауға ақ жаулықты әжелер мен ақсақалдар, сондай-ақ өмірін ауылдың өркендеуіне арнаған зейнеткерлер мен ардагерлер ертемен келіп, өз таңдауларын жасап жатыр.
Маңызды күні ауылдың қадірлі ардагері, бүгінде сексеннің сеңгіріне таяған Жеңіс Махамбетұлы да арнайы келіп, өз таңдауын жасады. Ел ішінде сыйлы, сөзін ел тыңдай білетін қария сайлау маңызын ерекше атап өтті:
— Бұл - біздің азаматтық борышымыз. Елдің ертеңі, балаларымыздың болашағы, ауылдың тыныштығы бәрі осы таңдауға байланысты. Жасым 80-ге таяп қалса да, сайлаудан қалмауды парыз санаймын. Және үй ішіне де мұндай іс-шаралардың маңыздылығын жиі айтып отырамын. Үлкен кісілер, таңмен жарысып ерте келеміз ғой. Үйдегі балалар енді келетін болар. Байқасам, кандидаттардың бәрі дерлік жас екен. Мұндайда “жас келсе іске” дегіміз келеді. Әрине, іштей аз-мұз алаңдаушылық бар. Десек те, жаңа әкіміміз байырғы әкіміміздің жолын қуса, жаман болмасы анық. Әділ шешім шығарына сенемін, — деді ол жүрекжарды ықыласпен.
Үш сағат ішінде 187 тұрғын өз дауыстарын беріп үлгерді. Уақыт өткен сайын сайлау учаскесіне келушілер саны артып, ауыл тұрғындарының белсенділігі байқалып тұр.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ