Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – әр азаматтың міндеті. Десек те, түптеп келгенде, кеселмен шындап күресуге көп адам тәуекел ете бермейді. Себебі кейбір адамдар күрмеуі қиын мәселесін пара беріп немесе «жең ұшынан жалғасып», «бармақ басты, көз қыстылықпен» шешкісі келіп тұрады. Соның кесірінен, қоғамға жат сыбайлас жемқорлық элементтері елімізде әлі де болса кездеседі.
Әрине, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте, ең алдымен, азаматтардың бойында әділдік, инабаттылық сияқты моральдық қасиеттерді барынша ояту қажет. Өйткені жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі – парақорлық. Сондықтан бірінші кезекте пара берудің себебі мен пара алудың жағдайын түп қазығымен жою қажет. Ол үшін қоғам болып белсенділік танытсақ қана тамырына балта шаба аламыз. Яғни пара беру де, пара алу да пайдалы болмайтынын, оның адам мен заң алдында да үлкен қылмыс пен кінә екеніне көп болып көз жеткіздіруіміз керек. Жалпы, қазақ – туысқаны көп халық.
Сондықтан болар, шаруасы түсіп қай мемлекеттік мекемеге бара қалса, алдынан бір тамыр-танысы шыға келеді. Сол арқылы жұмысын тездетіп бітіріп кеткенді жақсы көріп тұрады. Әлгі «қарын бөлесі» алдына келген туысының көңілін қимай шаруасын жайғап жібереді. Ал ол кезегінде қазақшылықпен сый-сыяпат жасайтыны анық. Міне, сыбайлас жемқорлық деген осындай тамыр-таныстықтан басталады. Ендеше, жемқорлықпен күрес жүргізу үшін оны әркім өзінен бастауы керек.
Салтанат Жалғасова,
аудандық қазынашылық басқармасының бас маман-бас қазынашысы