Пәтер сыйлады

Алғыс айту күні – ата-бабамыздан қалған қайырымдылық дәстүрін, әлеуметтік ынтымақты, өзара сыйластықты қолдау күні. Бұл мерекенің дана халқымыз үшін маңызы өте зор. Елімізді ауызбіршілікке үндеп, бейбітшілік пен татулықта өмір сүруге шақырады.

Иә, расында да "Адамға алғыс айта алмағанның Аллаға шүкірі жоқ" деген дана халқымыз. Сондықтан да ең әуелі барша әлемді жаратқан Алла-Тағалаға сансыз мадақ. Содан соң берекенің бастауы болған адамдар бір-біріне ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырып, халқымыздың қайырымдылық дәстүрін жалғастырады.

Осындай айтулы мерекеде «Байтақ» партиясының облыстық филиалы "Жылыой ауданы мүгедектігі бар жандардың қоғамы" қоғам бірлестігінің өтініш хатын аяқсыз қалдырмай қоғам мүшесі, І топ мүгедегі Бақтылы Байзулдиеваның баспаналы болуына ықпал етті. Оған өңірден қара алтын өндіріп жатқан Атыраудағы "Каспий Нефть" компаниясы демеушілік жасады. Сөйтіп Алғыс айту күні мұқтаж жанның отбасына жаңа пәтердің кілті табысталды.

Мүмкіндігі шектеулі жан көптен бері үй мәселесі шешілмей, қатты қиындық көріп жүрген еді. Ауыртпалық арқалаған отбасыға бұл үлкен көмек болды. "Жанашырлыққа -жан риза" дегендей, тағдырдың сынағына мойымай, ағысқа қарсы жүзіп, алға ұмтылып жүрген мүмкіндігі шектеулі жанға қол ұшын созып, қамқорлық таныту - әр адамның міндеті екені белгілі. Адамның өміріндегі ең игі істің бірі-мұқтаж жанға көмектесу. Міне, осы нәрсені жақсы түсініп, ерекше жанға қуаныш сыйлап, сауапты іс жасаған ізгі ниетті жандарға қоғам атынан алғысымыз шексіз. Бойына адамгершілікті,имандылықты, парасаттылықты,құнды қасиеттерді сіңіре білген кең жүректі,жаны жомарт азаматтарымыз көпке үлгі-өнеге.

Ендеше, әрқашан жүрегіміз кең, пейіліміз ақ болып, жақсылық жасауға ұмтылып тұрайық!

Амангелді Мыңжасаров,

"Жылыой ауданы филиалы мүгедектігі бар жандардың қоғамы"

қоғамдық бірлестігінің директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521