4 жас ғалымға пәтер сертификаты табысталды. Ғылым және жоғары білім министрлігінің таратқан ақпаратына сүйенсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылым саласын дамыту және жас зерттеушілерді қолдау жөніндегі тапсырмасына сәйкес беріліп отыр, деп жазады Egemen.kz
Салтанатты жиында жас ғалымдардың отандық ғылымды дамытудағы еңбегі ерекше атап өтілді. Пәтер иесі атанған ғалымдардың зерттеу бағыты география, балық шаруашылығы, ІТ, физика, химия, ауыл шаруашылығы және өзге де салаларды қамтиды. Солардың бірі – Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының аквакультура зертханасының ғылыми қызметкері Гүлдана Маратова. Жас ғалым өз сөзінде 12 жылдық еңбегінің нәтижесі жоғары бағаланып жатқанына қуанышты екенін жеткізді.
«Бұған дейін өзімнің жеке пәтерім болмады. Бүгін екі бөлмелі пәтердің иесі атанып отырмын. Өте қуаныштымын. Ғылыммен айналысып жүрген жас ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына және министрлікке алғысымды білдіремін», деді Г. Маратова.
Пәтер сертификатына ие болған жас зерттеушілер ғылыми жобаларға қатысып, беделді басылымдарда еңбектерін жариялап, отандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлес қосып келеді.
Айта кетейік, жас ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Бұған дейін де Президенттің атынан ғылыми зерттеушілерге пәтер кілттері табысталған болатын.




