Көрермендер тарапынан да көптеген сұрақтар қойылды.
14 қыркүйекте аудандық «Кең Жылыой» мәдениет үйінде «Nur Otan» партиясының қолдауымен елімізде бірінші рет өткелі отырған «Праймериз-2020» додасына қатысушы кандидаттар арасындағы жария пікірсайыстың алғашқы күні өтті. Бүгінгі күнде праймеризге аудан бойынша 42 үміткер қатысуда.
Алғашқы жария пікірсайысқа 6 үміткер қатысып, өздерінің сайлауалды бағдарламаларын көпшілікке таныстырды. Дебаттың алғашқы кезеңі өз мәресіне жеткен соң, партияішілік іріктеуге қатысушылар бір-біріне өз сауалдарын жолдай отырып, аудандағы шешілуі тиіс деп табылатын мәселелердің түйінін білуге ұмтылды. Көрермендер тарапынан да көптеген сұрақтар қойылды. Жария пікірсайыстың өткізілу үрдісі әлеуметтік желі арқылы «Nur otan» партиясының аудандық филиалдарының ресми аккаунттарында тікелей эфир барысында көрсетілді.
Кіл мықтыны анықтайтын жауапты кезеңде кім-кімге де көш бастап, көпшілік алдына шығып көсіліп сөйлеу оңай шаруа болмасы анық. Солай бола тұра кандидаттар алған бетінен қайтпады. Қалаулылардың арасында ел ағасы атанар шаққа келген кәсіпкер, бизнес саласының майталманы да бар, мұнайшы маман да , жастар да табылды.
Шаттық Хамитова