Праймериз –көшбасшыларды анықтайды

Праймериз

12 тамыз күні аудандық "Кең Жылыой" мәдениет үйінде «Nur Otan» партиясының бастамасымен өткелі отырған «Праймеризді ұйымдастыру және өткізу бойынша дайындық жұмыстарын талқылау» мақсатында кеңейтілген басқосу жиын өтті.

Басқосуға қатысу үшін ауданға "Nur Otan" партиясы облыстық филиалының саяси жұмыс бөлімі меңгерушісі Құтжан Құлмашев пен облыстық партиялық бақылау жөніндегі инспектор Роман Мақсотов арнайы іс-сапармен келген-ді. Сондай-ақ жиынға аудандық партия филиалының ұйымдастыру комитеті, санақ комиссия мүшелері, бастауыш партия ұйымының төрағалары және партиялық кадрлық резервке үміткерлер де қатысты.

Ауқымды жиынға аудандық партия филиалының кеңесшісі Ақылбек Едігеев төрағалық етіп, жүргізіп отырды.

17 тамыз бен 3 қазан аралығында елімізде алғаш рет "Nur Otan" партиясының ұйымдастыруымен – праймериз өтетіні белгілі. Праймериз – бұл сонау АҚШ саясаткерлерінен бастау алған, партия белсенділерін ашық таңдау тәсілі. Яғни, партия жақтастарының арасында алдын ала партияішілік сайлау өткізу арқылы, өз ойын іркілмей айтатын, қоғамдағы өзекті мәселелердің басын ашып, шешілу жолдарын тайсалмай, нақты жеткізетін, партия көшбасшыларын анықтау. Праймеризді өткізудің басты мақсаты да осы. Халық мүддесі үшін жұмыс жасайтын, адуыны мықты, өз жерінде сөзі өтімді жастарды, ел қалаулыларының қатарына қосу, партияішілік жұмыстарды жандандыру.

Басқосуда алғашқы сөз кезегін алған Құтжан Құлмашев праймеризді өткізудің жалпы ережелерімен таныстырып өтті. «Үміткерлерді ұсыну, тіркеу және оларға дауыс беру» кезеңдеріне тоқталды.

Мәжіліс депутаттығына соңғы он жыл ішінде республика аумағында тұрақты тұрып жатқан, жасы 25-ке толған, ал мәслихат депутаттығына 20 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматтары үміткер бола алады.

Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру жазасына сотталған, сыбайлас жемқорлыққа, қылмыстық әрекеттерге қатысы бар азаматтар праймеризге қатыспайды және кандидат бола алмайды.

Праймеризді өткізу 5 кезеңнен тұрады. Олар: 1) Кандидаттарды ұсыну және тіркеу; 2) кандидаттарды үгітке даярлау; 3) үгіт жұмысы; 4) дауыс беруді өткізу; 5) тізімдерді дайындау. Әр кезеңді ойдағыдай жүзеге асыру мақсатында, межелі уақыт белгіленген. Осы аралықта үміткерлер өздерін халық арасында жіті таныстыруды қолға алып, өз бағдарламаларын жасақтап, түрлі бағытта кездесулер өткізіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі түрде атқаруы қажет. Үгіт-насихат кезінде үміткерлерге праймеризге қатысушы өзге кандидаттардың беделіне нұқсан келтіретіндей жалған ақпараттарды таратуға, қарсыластарын қаралауға тыйым салынған. Сонымен қатар, ережеде кандидаттың дауыс берушілерге ақшалай және заттай сыйлықтар ұсынып немесе бопсалау-қорқыту сынды заңға қайшы әрекеттерге бару арқылы дауыс жинауға болмайтыны да қатаң түрде көрсетілген. Праймеризге қатысты өзге де ережелер мен кандидаттарға қойылатын басты талаптар жиын барысында қатысушыларға толықтай түсіндірілді.

"Nur Otan" партиясы Атырау облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы Роман Зұлхарнайұлы да "Праймериз кезеңіндегі аумақтық партиялық бақылау комиссиясының негізгі қызметі" туралы кеңінен түсінік бере отырып, аталған іс-шара негізінде Праймериз өткізудің қадамдық жоспарларына нақты талдау жасады.

Аудандық партия филиалы бойынша праймеризге қатысуға 31 үміткер өз өтінішін білдірді. Оның ішінде 11 қатысушы әйел адам болса, 35 жасқа дейінгі жастардың саны 9.

Праймеризге дайындық кезінде барлық үміткерлер мен бастауыш партия ұйымдарының төрағалары маусым айының 22-27 аралығында орталық аппараттың ұйымдастыруымен арнайы онлайн оқытудан өтті. Бүгінде арнайы пікірталас (дебат) өткізетін 3 орын жасақталды. Олар: аудандық «Кең Жылыой» мәдениет үйінің және аудандық орталық кітапхананың акт залдары, партияның аудандық филиалы ғимаратының мәжіліс залы. Аудан бойынша 12 дауыс беру орны да жасақталып үлгерді. Барлық дауыс беру орындары арнайы кабиналармен, компьютерлермен, интернет желілерімен жабдықталған.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521