Пошта Сәлемдеме супермаркетін іске қосты

Құлсары қаласындағы орталық поштаға қай уақытта кірсең де толып тұрған тұрғындарды көресің.

Әрине, өзі тар кеңседе бірнеше қызмет түрі көрсетілген соң кезекке ұзақ тұратын халықтың да шағымы көп. Енді бұл мәселенің түйіні шешіле бастады. Жан-жақтан келген сәлемдемесін (посылка) алатындар үшін пошта бөлімшесінде супермаркет орталығы ашылды. Сәлемдеме супермаркеті – бұл өздігінен қызмет көрсететін жаңа форматты орталық.

-  Соңғы кезде интернет-дүкен арқылы тапсырыс беру, сәлемдемелерді алу кең тараған. Сондықтан біз негізгі клиенттерімізге, тұтынушыларымызға қолайлы жағдай жасау үшін Сәлемдеме супермаркетін іске қостық. Оның негізгі міндеті – клиенттерімізге бізсіз-ақ сәлемдемелер алуға мүмкіндік беру. Бұл тұрғындардың келіп тұрған заттарын дер уақытында алуына мүмкіндік береді. Енді олар бұрынғыдай кезек күтіп отырмайды. Сәлемдемелер түскен жағдайда, алдымен, біз клиенттің ұялы телефонына СМС-хабарлама жібереміз. Онда сәлемдеменің коды мен бағасы, жәшіктің нөмері көрсетіледі. Супермаркетке келгеннен кейін қондырғыға жақындап, кодты басса, жәшіктің есігі ашылады. Ішінде біздің қызметкерлер алдын ала салып қойған сәлемдеме жатады. Ең бастысы, тұлғасын растайтын жеке куәлігі болуы шарт», - дейді аудандық пошта байланыс торабының басшысы Нұрсұлтан Өмірбаев.

Бұдан соң біз Сәлемдеме супермаркетіне беттедік. Кезек күтетін залда тұрғындар бұрынғыдай емес, азайыпты. Сөйтсек, біраз тұтынушы Сәлемдеме супермаркеті кабинетінде тұр екен. Жаңа форматты түсіне алмай жатқандар бөлімше бастығына сұрақ қойып, мәлімет алуда. - Сәлемдеме келгеннен кейін тұтынушы заттарын 14 күннің ішінде алып кетуі тиіс. Уақытында алмаған жағдайда белгілі бір ақы төлейтінін ескерткіміз келеді,-дейді Н.Өмірбаев.

Бұрын болмаған мұндай қызметтің ауқымы енді кеңи бермек. Алдағы уақытта Сәлемдеме супермаркеті сәлемдемелерді беріп қана қоймай, аудан тұрғындарының жөнелтімдерін де қабылдайтын болады.

Пошта бөлімшесінде жалпы орта есеппен айына 11700-дей төлем түрлері, 21400-дей почта жөнелтімдері жіберіліп, 45000-дай почта жөнелтімі тұрғындарға беріледі екен. Сонымен қатар 1925 адамның зейнетақысы және жәрдемақысы тұрғылықты мекен жайына жеткізіледі. Сонымен қатар аудандық пошта байланыс торабы «Хоум кредит», «Альфа банк», «Азия кредит» 2-ші деңгейлі банктерімен агенттік қызметін көрсетіп, халыққа несие беру қызметін көрсетеді. Аудандағы 4 ірі 2-ші деңгейлі банкі, 3 жанар-жағармай құю станциясы және 2 ірі сауда нүктесіне инкассациялық қызметтер көрсетіліп отыр.

П.ҚИЗАТОВА,

суреттер автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521