Пошта газет апармаған соң...

Жыл басталғалы бірде-бір газет оларға жеткізілмеген болып шықты.

Өткен ғасырдың басында қазақтың ұлы ағартушысы, журналист Ахмет Байтұрсынов «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген қанатты сөз қалдырды. Баспасөз құралына бұдан артық анықтама берудің қажеті де жоқ шығар. Бірақ арада жүз жылға тарта уақыт өткенде ақпарат кеңістігінде теле-радионы да басып озып, ғаламтор деген желі суырылып алға шықты.

Дегенмен ондағы таратылып жатқан ақпараттар ағынының басым көпшілігі журналистикадағыдай тексеріліп, сүзгіден өтіп жатпайды. Оқиғаны жалған, тіпті өтірікті шындай қылып беретіні сөзсіз. Әсіресе әлеуметтік желідегі желіккенге жел беретін жалған «жаңалықтарды» арандатушы топтар өз мақсатына тиімді пайдаланып кететінін өмір тәжірибесі көрсетіп отыр. Сондықтан да көкірегі ояу, көзі ашық жандар, ең алдымен, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарларына арқа сүйейтіні сөзсіз. Соның бірі – газет.

«Кең Жылой» газетін жергілікті халық оқығысы келіп-ақ тұрады. Өйткені ғаламтор парақшаларында біздің мұнайлы өңірдің өзекті мәселесін көтеріп, жылт еткен жаңалығының бәрін бірдей жаза бермейді. Сол себепті баспасөзге жазылу науқаны барысында аудан тұрғындары республикалық басылымнан гөрі, ең алдымен, аудандық газетке жазылуға тырысады.

Өкінішке орай, газет-журнал тасымалымен тікелей айналысатын аудандық пошта байланыс қызметі көптеген оқырмандардың көңілінен шықпай тұр. 2020 жылға баспасөзге жазылу науқаны кезінде Құлсары қаласындағы «Медикер-Жайық» емханасының қызметкерлері де бір жылға «Кең Жылой» газетін жаздырып алған-ды. Алайда кейін білгеніміздей, биылғы қаңтар айы басталғалы бірде-бір газет оларға жеткізілмеген болып шықты. Тек біздің араласуымызбен қаңтардың 31-інен бастап жарық көрген газет сандары қолдарына тие бастапты.

Әрине, осы тектес деректерді көптеп келтіруге болады. Өйткені ренішті тұрғындар, ең алдымен, редакцияға қоңырау шалады. Барлығы да жаздырып алған газетін ала алмай отырғанын айтып, шағымданады. Олардың басым көпшілігі - егде жастағы зейнеткерлер, мүгедектер, әйелдер. Арасында жазбаша шағым түсіргендері де аз емес. Ішінде ақшасын кері қайтаруды талап етіп жатқан жандар да бар. Тіпті бір ағамыз пошта арқылы жазылған «Кең Жылойы» келмеген соң, амалсыз әр санын базардан сатып алып, оқып жүргенін естігенде не дерімізді білмедік.

Мұның барлығы пошта қызметінің Құлсары қаласы тұрғындарын толық қамти алмай отырғанын көрсетсе керек. Зейнетақысынан жырып, баспасөзге жазылған қарттар мен қариялардың газет-журналын уақтылы жеткізіп беру поштаның міндеті екенін ұмытпаса дейміз. Ендеше, әркім өз жұмысын, өз міндетін мінсіз атқаруға тиісті.

Е.Есенов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT