Суретте: Құлсары қаласының 8-учаскесіндегі жабылып қалған бұрынғы пошта бөлімшесі
Кезінде «Теңіз мұнайының астанасы» атанған Құлсары қаласының аумағы жыл санап кеңейіп, өсіп-өркендеп келе жатқанын көріп жүрміз. Жаңа ықшам аудандардың бой көтеріп, жаңа балабақша мен мектептердің салынуы – соның айғағы. Әрине, ондай жерлерге тұрғындар үшін аса қажетті нысандар салынады да, бір-ақ нәрсе ұмыт қалады. Ол – пошта бөлімшесінің ғимараты. Өкінішке қарай, қала аумағы өскен сайын, керісінше, пошта бөлімшелері азайып бара жатыр. Соңғы 4-5 жылда Құлсары қаласындағы 8-учаске, яғни бұрынғы «Қамыскөл» ықшам ауданы мен орталықта орналасқан Ұ.Абдрахманов көшесінің бойындағы жаңадан салынған үшқабатты үйлердегі пошта бөлімшелерінің жабылып қалуы да сол сөзімізге дәлел бола алады. Ал аудан орталығының шеткі учаскелерінде орналасқан «Жадырасын», «Аэропорт», 2-ші және 3-ауылдардың қашаннан бері пошта бөлімшесінсіз отырғаны есімізде жоқ.
Қазір Құлсары қаласында екі пошта бөлімі жұмыс жасап тұр. Оның бірі – орталық ғимараты да, екіншісі «Теміржолшылар» ықшам ауданындағы бөлімшесі.
Бүгінгідей технология дамыған заманда, қарап отырсақ, түрлі байланыс жүйелері жеткілікті. Ұялы телефон да, теледидар да, бәрі бар. Дегенмен, біз көзі қарақты, ойлы оқырман ретінде бұрынғыша газет-журналдардан қол үзгіміз келмейді. Көзі ашық, көңілі ояу қалың оқырманның баспасөзге аңсары ауып тұрады. Әсіресе, әркез оқуға асығып тұратын ардагерлеріміз баспасөз құралын қатты іздейді. Олар туған елдің тыныс-тіршілігімен газет-журнал беттерінен егжей-тегжейлі танысып отырғанды қалайды. Өйткені жастар сияқты таңның атысы, күннің батысы телефонға телміріп отыруға олардың денсаулығы көтермейді, көздері де көрмейді.
Амал не, жыл сайын өзіміздің мерзімді облыстық «Атырау», аудандық «Кең Жылой», «Құлсары» басылымдарына жазылғанымызбен оны мезгілінде қолға алып, оқи алмаймыз. Расында да қала, аудан күн санап өсіп келе жатыр. Бірақ, пошта жұмысының ауқымын арттыруға жете көңіл бөлінбей келеді. Бір ғана Құлсарының орталығындағы пошта үйі тұрғындардың емін-еркін кіріп-шығуына, діттеген шаруасын тез бітіруіне таршылық етеді. Қазіргі уақыт талабына сай жаңа ғимарат салатын сәт жеткен секілді.
Сондықтан Құлсары қаласының барлық ықшамаудандарында, аудан көлеміндегі әр ауылдық округ орталықтарында пошта бөлімшелерінің жедел жанданып, заманға сай мінсіз қызмет көрсетуін талап етеміз. Бұл ретте аудандық пошта торабы қаламен бірге дамып, жұмыс ауқымын кеңейтіп, көштен қалмауы керек деп есептейміз.
Жаңыл Байеділова,
Құлсары қаласы,
Қазақстан Журналистер одағы мүшесі