Польшаға саяхат

Жақында редакциямызға Жаңа Қаратон поселкесінің тұрғыны, 76 жастағы Моншақ Қалиева келді.

Ол боранқұлдық азамат Жәнібек Науаровтың ізденімпаздығының арқасында «Кең Жылой» газетінің биылғы 11 қаңтардағы №2 (7790) санында жарық көрген «Хабарсыз кеткен боздақтар 70 жылдан соң табылып отыр» деген тақырыппен жарияланған боздақтар тізімінен өзінің әкесі Қали Ізтаевты тапқан екен.

Онда: «Издаев Хамли (Ізтаев (Қали) Қала), Красноармеец.76 сд.-----1942, Жилокосинский РВК, Гурьевская обл., Жлойносинский р-он, 1902-10.02. 1945 г. Жена Издаева Медым., к/х «Жанетон». Польша, Щецинское воев., г. Дейч-Кроне, северная окраина» деп дерек келтірілген екен.

Мұндағы мәліметтер Моншақ апайдың ұзақ жылдар іздеген әкесінің дерегімен сәйкес келеді. Яғни, Қали Ізтайұлы шынымен 1902 жылы туылған, соғысқа дейін «Жаңа таң» колхозында еңбек еткен. Әйелінің аты-жөні Ізтаева Әдемі еді. Ол есім орысшаға транскрипциялағанда «Медым» болып қате жазылып кеткен. Жылыойлық жауынгердің Ұлы Жеңіс күні жақындаған 1945 жылдың қысында Европа жерінде қаза тапқанын анасынан білетін-ді. Өйткені әкесінен 2 жасында жетім қалған қызы «қара қағаз» келсе де осыншама жыл іздейді. Кейін жиендері әлденеше рет ғаламтор желісін парақтаса да нағашы атасы туралы бір дерекке кезіге алмады. Себебі қайғылы хабар жеткізген бір жапырақ «қара қағазда» оның қай жердің топырағын жамылып жатқаны жазылмаған-ды. Міне, арада аттай 73 жылдан астам уақыт өткенде кешегі қаршадай қара қыз әкесінің жерленген жерін тауып, оның «етігімен су кешіп» жүріп өткен жалынды жауынгерлік жолымен Польшаға барып қайтты. Дәлірек айтқанда, Қазақстанның сол мемлекеттегі елшілігі арқылы өткен маусым айының 19-ы күні Варшавадан 400 шақырым жердегі Вольч-Буковина қаласына келіп жетті. Шаһардан 6 шақырым қашықтықта орналасқан кеңес-поляк сарбаздары жатқан бауырластар зиратындағы әкесінің басына туған жердің бір уыс топырағын салды. Әке аруағын қастерлеп, зиярат етіп, рухына дұға бағыштады.

-Ол жерге Ресейдің Самара қаласынан ұшып, Финляндияның астанасы Хельсинки арқылы жеттік. Өзіммен бірге бала-келінім Амантай мен Ләззат, қыз-күйеубалам Шолпан мен Мұхит болды. Қазақстан елшілігі қасымызға аудармашы, ұлты қырғыз қызын ертіп жіберді. Жалпы бауырластар зиратында 1438 кеңес сарбазы мен 4 мыңға тарта поляк жатыр екен. Солардың арасында менің де әкем, 76-атқыштар дивизиясының миномётшісі Қали Ізтаев та бар,-дейді Моншақ апай.

Моншақ апайдың айтуынша, әкесі майданға екінші мәрте аттанған. Алғаш Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқылардың бірі болып әскерге алынған ол елге аяғынан жараланып оралады. Тылда «Жаңа таң» колхозында еңбек етіп жүрген жерінен «асыра сілтеудің» кесірінен Армия қатарына тағы да шақырылады. Сол жылы Құлсарыда тұратын ағасы Бөкенбай деген кісінің шаңырағынан әскери комиссариатқа бет алады. Сондықтан Моншақ апайдың балалары жылыойлық жауынгер Қали Ізтаевқа нағашысы жатқан Күмбезді қауымынан құлпытас орнатпақшы.

Айтпақшы, миномётшіц Қали Ізтаевтың жары Әдемі әжейдің де көзі тірі. Арысынан «қара қағаз» келіп, «от пен оқтың» ортасынан оралмасына көзі жеткен соң, тағдырдың жазуымен екінші рет тұрмысқа шығады. Қазір Боранқұл ауылында тұрады екен. Ол 90 жастан асса да азаматынан бір дерек күтумен жүреді. Осы Әдемі әжей мен оны бағып отырған қызының қолқа салуымен ауылдасы Жәнібек Науаров ғаламтордан қайта-қайта іздестіріп, 42 жасында Отан үшін опат болған жауынгер Қ. Ізтаевтың сүйегін тез табады. Осылайша тағы бір жылыойлық жауынгердің жамбасы тиген жер анықталып, бір шаңырақтың өшкені жанып, өткені қайта жаңғырды. Бұл ретте Моншақ Қалиева хабар-ошарсыз кеткен боздақтарды іздестіріп, ел үшін зор еңбек сіңіріп жүрген маңғыстаулық азамат Жәнібек Науаров пен "Кең Жылой" газетіне де аналық алғысын айтады.

Ербол ҚОШАҚАНОВ,

арнаулы тілшіміз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521