Полиция болам десеңіз...

Қазіргі таңда Құлсары қаласының барлық орталық және басты көшелеріне арнайы бейнекамера орнатылды.

Осыған орай, аудандық полиция бөлімінің жедел басқару орталығы да өз жұмысын бастайды. Бұл көлік қозғалысы қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз етері анық. Жаңа жұмыс полиция бөлімі үшін өз қызметіне керекті қосымша мамандар қатарын толықтыруды қажет етеді. Соған байланысты, қазір онда полиция лауазымы қызметіне жұмысқа қабылдау жүріп жатыр.

-Бізге қызметке орналасқысы келген адам, ең алдымен, 35 жастан аспаған Қазақстан Республикасының азаматы және Қарулы Күштер қатарында борышын өтеген немесе әскери даярлықтан өткен болуы керек. Орта, арнаулы оқу орнын бітірген, жоғары білімді болса, тіпті жақсы. Қазіргі таңда полиция қызметкерлерінің жалақы жақсы. Биылғы 1 маусымнан бастап 65 пайызға өсіп, тұрақты еңбекақы 100 мың теңгеден жоғары болды. Жыл сайын 45 күндік ақылы еңбек демалысын ала алады. Тәртіп сақшысы ретінде тегін медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Қызметтік пәтер беріледі, болмаса, жалдап тұрған үйі үшін пәтерақысының қаржысы төленеді. Ішкі істер органында атқарған қызмет мерзімі жеңілдік шарттарымен есептеледі. Біздің қызметтің бір ерекшелігі - полиция қызметкері зейнеткерлікке ерте қала алады. Және өмір бойына жеткілікті зейнетақымен қамтылады,-дейді аудандық полиция бөлімінің баспасөз хатшысы Анар Кенжикова.

Әрине, полиция қызметкері болу тек ер-азаматтың ғана қолынан келетін іс емес. Онда қазірдің өзінде бірнеше ондаған ару-қыздарымыз жігіттермен қатар абыройлы қызмет атқарып жүр. Олай болса, полиция боламын деген қыз-жігіттер табылып жатса, онда Құлсары қаласының Бисенқұлов көшесіндегі 47- ғимаратта орналасқан полиция бөліміне немесе 5-04-96, 5-10-52 телефондарына хабарласқаны жөн.

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521