Мен 1978 бен 1980 жылдар аралығында бұрынғы Кеңестер Одағының әскері құрамында Отан алдындағы азаматтық борышымды Семей облысында өтедім. Сол кезде өзге жерлестерім секілді шет мемлекетке ұзап кетпей, өзіміздің Қазақстан аумағында болғаныма шүкірлік еткенмін. Бірақ, қуанышым ұзаққа созылмады. Мен әскери қызмет өткеріп жүрген Курчатов қаласы сол кездегі нағыз атом сынақ алаңына жақын орналасқан аумақ болып шықты.
Әрине, ол кезде жастықпен көп нәрсеге мән бермедік. Ол аймақтың полигон алаңы екенін білсек те, адамзатқа соншалықты қасірет әкелетін атом бомбасын жарып, тұрғындардың үстінен ядролық сынақ жүргізіп жатқанын аңғармадық. Өз басым автокөлік керуенінде қызмет еттім. Сонда үлкен жүк көліктеріміздің орнынан теңселіп, қозғалып тұрғанын талай көрдік. Сынақ өткізіп жатқанын содан білетін едік.
Кейін 1989 жылы ядролық қаруға қарсы белсенді күрес жүргізген «Невада-Семей» қозғалысы көзімізді ашты. Бұл ретте ақын Олжас Сүлейменовке мың алғыс. Қазақ даласын қасіреттен қорғап, халықты көзсіз тажалдан құтқарды. Алаштың қайғысын дүниежүзіне жар салып, жеткізіп, ақыры полигонды жаптырып тынды.
Қазір жер-жерде кішігірім соғыс ошағы тұтануда. Сондайда ядролық державалар әлемді атом қаруымен қорқытады. Бұл жерде Семей полигонының қасіреті сондай елдерге ащы сабақ болса екен деймін. Біздің қазақ халқының басынан өткерген қайғы-қасіретті өзге адам баласының басына бермесін. Сол сұм тажалдың кесірінен адамзат зардап шекпеуі ке- рек. Сондықтан атом энергиясын тек қана бейбіт мақсатта пайдаланылуы тиіс.
Құлбек САРТАЕВ,
зейнеткер, Құлсары қаласы