Pocketbook - мемлекеттік қызметкердің қалта кітапшасы

"100 нақты қадам" Ұлт жоспарының алғашқы 15 қадамы мемлекеттік қызметкерлерді кәсібилендіруге бағытталған.

 Осыған орай барлық жергілікті және орталық атқарушы органдарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында Әдеп жөніндегі уәкілдер енгізілді. Олар қызметтік әдеп нормаларының сақталуына бақылау жасайды, түсіндіру жұмысын жүргізеді, әріптестер арасында дұрыс психологиялық ахуал қалыптастыруға ықпал етеді. Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілердің құқықтары бұзылған жағдайда оларды қорғау шараларын қабылдайды. Жылыой ауданы әкімі аппаратындағы Әдеп жөніндегі уәкіл - аудан әкімі аппараты басшысы Әнуар Шәкіров. Ол жақында өз міндеті шеңберінде аудандағы мемлекеттік қызметшілерге Pocketbook, яғни қалта кітапшасын таратты.

Әнуар Играшинұлымен шағын сұхбатымызда бұл қандай кітапша, кімдерге арналған, қалай қолдану керек деген тәрізді сауалдарға жауап алдық.

- Әнуар Играшинұлы, Pocketbook қандай кітап? Онда не жазылған?

- Pocketbook - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесіп жасалған қалта ктапшасы. Баспадан биыл шыққан кітап Қазақстан Республикасы бойынша барлық мемлекеттік қызметшілерге және магистранттар, докторанттар, оқытушылар, сондай-ақ әдеп ережелерін сақтау мәселелері толғандыратын көпшілік оқырманға арналған. Pocketbook мемлекеттік қызметшілерге әдістеме ретінде пайдалану үшін тиімді. Кітапта жұмыстан тыс уақытта, қызметтік қарым-қатынаста мемлекеттік қызметшілердің жүріс-тұрыс мәселесі, әлеуметтік желілерде және әртүрлі жағдайларда өзін дұрыс көрсету мәселелері баяндалған.

- Кітапты күнделікті өмірде қандай жағдайда қолдануға болады?

- Кітапты мемлекеттік қызметшілер күнделікті жанында ұстауы тиіс. Кітап өте қарапайым, түсінікті мысалдармен сипатталады. Pocketbook мәселелерді сипаттап қана емес, сонымен қатар түрлі жағдай болған кезде дұрыс шешімді қалай қабылдау қажеттігін нақты мысалдар арқылы көрсетеді. Яғни қызмет бабында міндеттерді орындау кезінде туындайтын жағдайларға талдау жасалған шағын әдістемелік құрал. Біздің ауданда 130-дан астам мемлекеттік қызметші бар. Олардың жұмыстан тыс уақытта демалыс кездері болады, міне, сол демалыс уақыттарында да өздерін Әдеп кодексіне сай ұстап жүруі, әлеуметтік желілердегі фотосуреттеріне де аса мән бергені дұрыс.

- Бұл кітап қызығушылық танытқан көпшілікке қолжетімді ме, қайдан алуға болады?

- Кітапшаның электронды нұсқасын atyrau.gov.kz сайты арқылы оқып шығуға және жүктеп алуға болады.

- Мемлекеттік қызмет көрсетілу кезінде қандайда бір жайсыз жайт орын алса, тұтынушы қайда хабарласа алады?

- Барлық мемлекеттік мекемелерде арыз-шағым жәшіктері орналасқан, одан бөлек тұтынушы құқы бұзылған жағдайда байланыс орнату үшін сенім телефоны көрсетілген. Жекелеген жағдайларда мемлекеттік қызметшілердің қызмет көрсетуі барысында жайсыз әрекеттер орын алып жатса, Жылыой ауданы бойынша Әдеп жөніндегі уәкілге хабарласа алады. Фейсбук әлеуметтік желісі арқылы Жылыой ауданы бойынша Әдеп жөніндегі уәкілдің парақшасын ашқан болатынбыз, сауалдарды сонда жолдаса болады.

Сұхбаттасқан: С.МҰРАТҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521