Пішеншілер шалғынға орақ салды

Шаруаларға көрші аудандар көмекке келуде.

Жаздың екінші айы. Ал қыс қамын ерте ойлаған шаруалар мал азығын дайындау жұмыстарына кірісіп те кетті. Қысқасы қазіргі таңда дала төскейінде қызу тірлік.

-Қытымыр қыстан қолдағы бар малды өлім-жітімсіз алып шығу – баршамызға қойылатын міндет. Сондықтан біздің ауданда да жем-шөп дайындау науқаны барынша ыждағаттылықпен орындалуда,- дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Ерлан Нұрғанов. Оның айтуынша, 2019-2020 жылдары ауданға қарасты шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындардың меншігіндегі төрт түлік малды қыстатуға 57 148 тонна ірі сабақты мал азығы қажет екен. Былтырғы қыстан қалған 5802 тонна ірі сабақты мал азығын қоса есептегенде ағымдағы жылы 51 346 тонна шөп дайындау көзделуде.

-Соңғы 2018 және 2019 жылдары Жем өзені суы көктем айында аз келуіне байланысты су жайылатын көл табандарынан ірі сабақты мал азығын Жем ауылдық округі ғана дайындауда. Шаруа қожалықтары көктемгі жауған жаңбыр суына шыққан қырдың шөбін шауып, дайындауға кірісіп кетті. Бүгінгі таңда шаруа қожалықтары 3790 тонна, жеке тұрғындар 2031 тонна мал азығын дайындауда. Бұл мал қыстатуға қажетті шөптің әзірге 11,5 пайызын құрайды. Науқан көршілес Ақтөбе облысының Ойыл, Байғанин және көршілес Қызылқоға ауданының ірі сабақты мал азығын дайындап сатумен айналысатын кәсіпкерлерімен бірігіп жүзеге асуда. Сонымен қатар 11 шаруа қожалығы 40 гектар жерге көкөніс, 131 гектар жерге бақша өнімдерін егіп, алғашқы өнімдерін жинап, орталық базар және ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне шығарып, саудалауда,-дейді бас маман.

Қ.Нұртайұлы

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521