Перзент тағдыры

Перзент тағдыры

Қаладағы бір мектепте оқитын А. есімді оқушының өмірге келгеніне 3 ай болғанда әкесі мен анасы заңды түрде ажырасып, екі жаққа кетеді. Содан бері қыз бала анасымен бірге нағашы апасының қолында тұрады. Жасы 14-ке толғанша Орал қаласында тұрып келген әкесі осы уақытқа дейін перзентін не іздеп келмеген, не бір қамқорлық танытуға жұмыстанбаған. Тіпті заңды түрде тағайындалған алиментті де төлеуге қауқарсыз болыпты.

Бірақ шешесі мен нағашысының аналық мейіріміне қанып, жақсы тәлім-тәрбиесін алған қыз ел қатарлы өсіп жатқан еді. Өкінішке орай, былтыр жазда дерті асқынған анасы өмірден өтіп кетті. «Әкесіз - жартылай жетім, шешесіз - тұлдыр жетім» дегендей, осы уақытқа дейін әкесін жарытып танып көрмеген жасөспірім қыз нағашы апасының тәрбиесінде қалуды қалайды. Мұндай шешімді қабылдауы заңдылық еді. Өйткені әкесін танымайтын, оның тәрбиесін көрмек түгелі, жақын әңгімелесіп, қамқорлығын да сезінбеген бала 13 жылдан кейін оны қалай әкем деп, бауырына тығылады? Бірақ, оны түсініп тұрған «әке» жоқ. Қыздың шешесі, яғни бұрынғы жұбайы өмірден өткен бойда «баламды қамқорлығыма аламын» деп ылаң салған. Өзі ішімдік ішетін, жағдайын жарытып жасай алмай жүрген еркекке сенуге бола ма? Жоқ. Сондықтан қызды тәрбиелеп-өсірген нағашы апасы жиенін қамқорлығына алуға тырысады. Оған күйеубаласы рұқсатын бермей, сабылтып қойған.

Міне, осы мәселе жақында аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтіп, онда екі мәселе қаралды. Анасынан ерте айырылған мектеп жасындағы қыз баланың тағдыры комиссия төрайымы Гүлнафис Айшуақова мен мүшелерін қатты алаңдатты.

Расы, жазда сіңлісінің қаделерін өткіземін деп жүріп, оқу жылының қалай басталғанын байқамай қалған нағашы апасы жиеніне заңды түрде қамқоршысы атана алмады. Соған қарамастан, жасөспірім қызды сенімсіз әкесіне бермей, амалсыздан заңсыздыққа жол беріп қояды. Оралдағы әкенің баласынан қағаз жүзінде бас тартып, оны сенімді адамның қамқорлығына беретін ойы жоқ. Сондықтан қыздың нағашы апасының адвокатқа жүгінуіне тура келеді.

Комиссия отырысына қатысқан А. мен оның нағашы апасы, қорғаушысы бар, барлығы комиссия төрағасы Гүлнафис Айшуақоваға осы мәселені шешіп беруді өтінді. Гүлнафис Аязберікқызы, ең алдымен, тағдыры қиын болып тұрған жасөспірімнен өзінен «Сен кімнің қолында тұрғың келеді?» деп сұрады.

–Мен ақ мамам, яғни, нағашы апамның қолында тұрғым келеді. Бұл кісіні қатты жақсы көремін. Ал әкемді танымаймын десем болады,-деді нақты жауап беріп.

Гүлнафис Аязберікқызы мен комиссия мүшелері нағашы апа мен адвокаттың әкелген қағаздарымен танысып шықты. Онда қыздың әкесінің осы уақытқа дейін бірнеше мәрте ішіп алып, құқық бұзушылыққа барғаны туралы мәлімет келтірілген екен. Комиссия осы деректерді есепке алып, ер-азаматты әкелік құқығынан айырып, қыз баланы нағашы апасының қамқорлығына заңды түрде беруге жұмыстанбақ.

Комиссияның күн тәртібіндегі отырысында қаралған екінші мәселе – қаладағы «Мед-профи» колледжінің студенттеріне қатысты болды. Колледж директоры Раушан Әлібаева бірнеше студенттің сабаққа қатыспай жүргенін, оларды оқу орнынан шығару туралы мәселе қозғады. Ол болашақ ақ халаттылардың жауапкершілікті жете сезінбей отырғанын ашық айтты. Тіпті, сол балалар о баста ата-аналарының ықпалымен ғана колледжге түсіп, жүрегі қаламайтын мамандықты амалсыздан оқып жатқанын жасырмады. Ал өз кәсібін жақсы көрмейтін, түсініп, меңгермеген жастардан қандай мықты маман шығады деп қапаланды.

Расында, да адам денсаулығы таразыға түсетін уақытта дәрігерлердің біліктілігіне басымдық беріледі. Ал біз сенетін келешек медицина мамандары сабақты үйінде жатып «оқыса», одан қандай үміт күтеміз? Осы мәселе жан-жақты талқыланды.

Әрине, комиссия отырысына екінші тарап ретінде сол студенттер мен олардың ата-аналары да шақырылып, мәселе жан - жақты қаралды.

П.ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521