«ПЕРІШТЕ ПӘК»

Данышпан Абай Құнанбаев өзінің 29-шы қара сөзінде қазақтың көптеген мақал-мәтелдерін сынағанын жақсы білеміз. Соның бірі-«Алтын көрсе, періште жолдан таяды». «Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны» дейді ұлы ақын. Ал біз сөз еткелі тұрған кейіпкер өз туындысымен дала философының ойын басқаша жеткізгісі келген. Сөйтіп періштені жолдан тайдырмай алып шығады.

- Кеңес өкіметі Құдайсыз қоғам орнатты. Соның зардабынан әлі құтыла алмай келеміз. Мәселен, "Көңілге Құдай сыйса, бәрі сияды" деген мақал болған еді. Соны "Көңіл сыйса, бәрі сияды" деп өзгертіп алды. Ұлттық тарихи фоннан ажырамауымыз керек. Сол үшін де осы "ПЕРІШТЕ ПӘК" деген туындыны дүниеге әкелдім. Бесіктегі қулық-сұмдықтан ада нәрестені қазақ періштеге теңейді. Себебі періштенің еркек-ұрғашысы болмайды, ол ішіп-жемейді, онда пендешілік деген атымен жоқ, ол қалайша алтынға қызықпақ?! "Дінді білмеген - дымды білмейді" деп қазақ бекер айтпаған. Дүмбілез, дінсіз дүмшелер өздерінің ата дінін жетік білмей "Алтын көрсе періште жолдан таяр" дегенді таратқан. Ақ сөйлеп, адалын айтқанда, бұл жерде, алдында жатқан алтынды көрген періште оны алмақ түгілі, жоламай, айналып өтеді де, өзінің тура жолына қайта түсіп, жүре берген. Мен соны суреттегім келді,-дейді Рзабай ақсақал. Рзабай Оразғали ақсақалдың «Ораза айы» топтамасымен салынған «Періште пәк» атты ою-өрнекті туындысына зер салсаңыз, шынымен де, алтыннан айналып өтіп, өз жолын жалғастырып бара жатқан періштенің бейнесін көреміз.

Әрине, Абайдың қара сөзін оқымаған, бұл мақалдың пайымына тереңірек бармаған қарапайым жұрт «періште жолдан тайып» тұрғанда бізге не жорық деп, нақыл сөзді өзіне икемдеп, бас пайдасына қолдана берері хақ. Ал, шын мәнінде, періште ешқашан жолдан таймайтыны рас. Ұлы Абайдың 29-шы қара сөзінде айтылған данышпанның ойын Рзабай ақсақал өзінің графикалық суреті арқылы басқаша пайыммен осылай жеткізгісі келген.

Бұл өнер өлкесінде өзіндік өрнегі бар өзгеше бір талант иесіне тән құбылыс болса керек.

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT