Павлодарда олимпиада басталды!

  Павлодарда 17 ЖОО-нан келген журналистика мамандығының студенттері бас қосты. Болашақ журналисттер республикада 11-інші рет өткізіліп отырған пәндік олимпиадасына қатысуға келді.  Сайыстың өткізілу мақсаты: жан жақтан жиналған студенттерге бір-бірімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

 Жыл сайынғы дәстүрге айналған сайыстың ережелері бұл жолы күрделене түсті. Жаңа бөлім: Ертіс-Баян өлкесі жайлы өз әсерлерімізбен бөлісетін бейнесюжет дайындау қажет.

 Сайыстың алғашқы күнін қатысушылардың дайын сюжет таныстырулары мен журналист шеберлігін көрсететін эссе жазудан бастадық. Аздаған үзілістен соң келген қала қонақтарын Павлодар қаласына экскурсияға алып шықты. Экскурсия барысында Кутузов пен Лермонтов көшелерінің қиылысында орналасқан Мемлекеттік Рәміздер паркіне бардық. Онда егемендіктің символы ту, елтаңба және әнұран  бар. Парк Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап салынған. Кейін Сұлтанмахмұт Торайғыров ескерткішіне бардық. Мүсін авторы Есхан Сергебаев ақынды аса шеберлікпен қиялшыл жас кейпінде көркем бейнелеген. Мәшһүр Жүсіп Көпеев атындағы мешітке де аяқ бастық. Мешіт қала орталығында орналасқан. Архитектурасы кесенеге ұқсас ғимараттың 4 мұнарасы бар. Аспанмен таласқан мұнаралардың биіктігі Пайғамбар жасына орай 63 метр екен. 3 қабатты ғимаратта асхана, мұражай, кітапхана, ислам дінін насихаттайтын бейнезал, неке қию бөлмесі бар. Мешітке кірген кезде бірден көзге түсетін үлкен залдағы гауһар тасты шамның салмағы 3.5 тонна, биіктігі 16,5, ені 6 м. Дешті Қыпшақ сәулет стильнде 8 қабырғалы қылып салынған мешіттің іші қазақы оюлармен көмкерілген. Үлкен ғибадат үйінде бір мезетте 1500 адамның намазға жығылуға мүмкіндіктері бар. Соңғы нүктеміз Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайына болды. 1992 жылы Ұлыстың ұлы күнінде ашылған музейге Бұқар жыраудың 325 жылдығына орай есімі берілген. Ерекше дизайнмен салынған қызыл ғимарат қала орталығында орналасқан. Мұражай халық ауыз әдебиеті, көне түрік жазба әдебиеті, Бұқар жырау Қалқаманұлының шығармашылығы, ХХ ғасыр басындағы әдебиет, әдебиеттер достастығы және қазіргі заман әдебиеті залы сияқты 6 залдан тұрады. Сонымен қатар, қолданысқа жастар жылына байланысты өнер залы берілмекші. Сондай-ақ, мұражай ортасында Қаныш Сәтпаевтың 125 жылдығына орай еңбектер жинағы топтастырылған. Музейде 46 мыңнан астам жәдігерлер бар. Олардың ішінде басым көпшілігі өлке жазушылары мен ақындарының мұралары. Тарих сырына толы мұражай өзінің үйлесімділігімен, тәрбиеге бай мағлұматтарымен есімізде қалды.Университет акт залында өткен «Қыз Жібек» клубының «Жатақхана өмірнамасы» атты қойылымын тамашалап тарқастық.

Олимпиаданың екінші кезеңі тестілеуден басталып, қазіргі уақытта «Жедел ақпарат» бөлімімен жалғасын табуда. Жалпы, 15-16 сәуір аралығында өтіп жатқан олимпиадаға біз Атырау қаласының намысын қорғауға келдік.

 

Атыраулық  Batyspear командасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521