«Ақ жол» партиясы Атырау облыстық филиалының ұйымдастырған «Конституциялық реформа: жаңа ережелер – жаңа мүмкіндіктер» тақырыбындағы «дөңгелек үстелде» саяси жүйедегі өзгерістер, билік тармақтарының тепе-теңдігі және қоғам алдындағы жауапкершілік мәселелері сөз болды.
Филиал төрағасы Ермекқали Юсупов реформаның ел болашағына бағытталған стратегиялық қадам екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған конституциялық өзгерістер Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртуға, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға және азаматтардың қоғамдық-саяси өзгерістерге қатысуына мүмкіндік береді. «Ақ жол» партиясы бұл реформаларды уақыт талабының туған қажетті қадамы деп бағалайды. Біз көп жылдан бері билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау, парламенттің рөлін күшейту, саяси бәсекені дамыту мәселелерін көтеріп келеміз. Конституциялық реформаның басты жетістігі – суперпрезиденттік басқару моделінен бас тарту. Бұл биліктің бір орталыққа шоғырлануын шектеуге, заң шығарушы және өкілді органдардың ықпалын арттыруға бағытталған маңызды шешім. «Ақ жол» партиясы үшін бұл демократиялық мемлекеттің негізгі қағидаларының бірі, — деді ол.
Сондай-ақ, филиал төрағасы Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысына да тоқталды.
– Отырыста ел дамуының алдағы кезеңге қатысты нақты әрі талапшыл ұстанымы көрініс тапты. Президент Үкімет жұмысына баға беріп қана қоймай, экономикалық саясаттың мазмұнын түбегейлі өзгерту қажеттігін ашық айтты. Ең алдымен экономика өсімінің сапасына, бюджеттің қаражатын тиімді жұмсауға және инфляцияны тежеуге қатысты сын ескертпелер орынды деп есептейміз. Бұл мәселелер халықтың тұрмыс деңгейіне тікелей әсер етеді, сондықтан қабылданатын әрбір шешім нақты нәтижеге бағытталуы тиіс.
Өңірлердің дамуы, мемлекеттік басқарудың жауапкершілігі мен әлеуметтік міндеттемелердің толық орындалуы – қоғам үшін өзекті тақырыптар. Президенттің бұл бағыттарды формализмге жол бермеу, есеп үшін емес, нәтиже үшін жұмыс істеу жөніндегі тапсырмалары ерекше маңызға ие. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті қолдау, экономиканы ырықтандыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу мәселелері бизнеске жаңа серпін береді. Мемлекеттік активтердің экономикаға үлесін азайтып, адал бәсекелестікті жолға қою маңызды,- деді Ермекқали Юсупов.

Облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Қайырденов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 15 наурызда жалпыұлттық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қоюын еліміздің қоғамдық-саяси жаңғыруының маңызды кезеңі ретінде бағалады.
– Конституция – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі, жауапкершілігінің өлшемі және тұрақты дамуының негізі. Конституция – белгілі бір топтың емес, бүкіл халықтың ортақ келісімі болуы тиіс құжат. Сондықтан қоғамдық талқылау эмоциямен емес, дәлел мен өзара құрметке негізделуі керек. Билік пен қоғам арасындағы диалог әлсіреген елдерде әлеуметтік шиеленістер туындайды. Қоғамдағы әртүрлі пікірді ашық айту – саяси мәдениеттің белгісі. Тіл мәселесі бойынша да әртүрлі көзқарастар байқалды. Қазақ тілі – ұлттың жаны, мемлекеттің тілі. Мемлекеттік қызметкерлер мінберлерде қазақ тілінде еркін сөйлегенде ғана тілдің беделі нығаяды. Қазақ тілін дамыту жалған ұранмен емес, нақты іс-әрекетпен жүзеге асуы керек. Саяси партиялар қағаз жүзінде емес, нақты іспен, нақты бағдарламамен жұмыс істеуі тиіс. Конституцияның қоғам дамуына, геосаяси жағдайға және экономикалық өзгерістерге байланысты уақыт өте келе түзетулер енгізілуі заңды. Бүгінгі таңда әлемдегі геосаяси ахуал күрделі. Осындай жағдайда елдің бірлігі мен тұрақтылығы ең басты құндылық саналады, — деді мәслихат депутаты.
Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев конституциялық реформаның маңыздылығына тоқталып, оның еліміздің саяси жүйесін жаңғыртудағы рөлін атап өтті.
– Бұл өзгерістер қоғамның өмір сүру талабына сай үлкен маңызы бар. Бұрынғы конституция 1995 жылы қабылданып, 12 адамның қолымен жасалған, оның ішінде 3-еуі шетелдік болды. Сол себептен ол бір жағынан Кеңес Одағының тәжірибесін сақтап қалды. Ал бүгінгі енгізіліп жатқан түзетулер – заман талабынан туындаған нақты өзгерістер, — деді депутат.
Серік Ерубаевтың айтуынша, қос палаталық парламенттен бір палаталыққа көшу – «Ақ жол» партиясының бұрыннан көтеріп келе жатқан бастамасы.
– Бір палаталық парламенттің құрылуы – заңнамалық шешімдерді жылдам әрі тиімді қабылдауға мүмкіндік береді. Мәжілісте әр заң жобасына көптеген қоғамдық ұйымдар, үкімет мүшелері қатысады. Кейде бір заңды дайындауға бірнеше ай, бір жыл кетеді, сосын сенатқа өтеді, және талқылау қайтадан басталады. Сондықтан бір палаталық парламент – уақытты үнемдеу мен тиімділіктің кепілі, — деді Серік Сәрсенұлы.
Облыстық әділет департаментінің бөлім басшысы Сағындық Әбілхайров Конституциялық реформа аясында әділет органдарының рөлі мен жаңа заңнамалық негіздерге тоқталды.
– Қазіргі Конституцияда саяси және құқықтық принциптер айқын көрсетілген, ұлттық құндылықтарымыз ескерілген. Әділетті Қазақстан құндылықтары, заң мен тәртіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары ең жоғары басымдыққа ие болып отыр», — деді бөлім басшысы.
Облыстық адвокаттар алқасының төрағасы Қайрат Демесінов Конституциялық реформа адвокатура үшін үлкен мәнге ие екенін айтты. Сонымен қатар ол адвокатураның рөлін қоғам мен мемлекеттік органдар алдында кеңейту қажеттілігін атап өтті.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттер автордікі




