Пандемияға қарсы күрес ауданда қалай жүріп жатыр?

«Сақтансаң – сақтармын» дегендей, бұл жерде қарапайым халық өзінің және жанұя мүшелерінің денсаулығы мен өмірін бірінші кезекке қоюы тиіс.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы №285 «Қазақстан Республикасында Төтенше жағдай енгізу» туралы Жарлығының нұсқаулығына сәйкес ауданда шұғыл іс-шаралар жоспары жасақталып, жүзеге асырылуда. Нақтырақ айтқанда, аудан әкімі А.Бекеттің «Жұмысшы топ құру туралы» 17 наурызда 35-ө өкімі шығып, Құлсары қаласында төрт мобильді топ құрылды. Ауданда арнайы жедел штаб жұмыс жасайды.

Төрт жұмысшы тобы құрылған

Аудан әкімі аппаратының жетекшісі, жұмысшы топ мүшесі Аманқос Нұғманның хабарлауынша, төрт жұмысшы топ қаланы өзара төрт бөлік бойынша қадағалайды. Олар өз аумағындағы учаскелер мен ықшамаудандарды аралап, ондағы тұрғындармен, әсіресе халық көп жиналатын ірі сауда орындарының, кафе-барлар мен мейрамханалардың белгіленген шектеуге сай жұмыс жасауына, өзге ойын-сауық, тойхана, қосымша білім беру, спорттық ғимараттардың жабық болуына бақылау жүргізеді. Олардың қожайындарымен түсінік жұмыстарын жүргізіп, арнайы хабарлама таратады. Жұмысшы жедел топтың бірі сейсенбі күннен бастап Теңіз кенішіне шұғыл аттанды. Олар мұнай компаниясы мен мердігер мекемелердің басшыларымен бірлесіп, ондағы өндіріс ошағында, қоғамдық тамақтандыру орындарында, жатақханаларда алдын алу іс-шараларын қолға алады. Жергілікті жердегі поселкелік, ауылдық округтерде де аудан әкімінің өкіміне сай өз алдына жұмысшы тобы құрылды. Олардың атқаратын міндеті бірдей.

А.Нұғманның айтуынша, наурыздың 16-сынан бастап ауданда қоғамдық тәртіп күшейтілді. Сауда ойын-сауық нысандары мен тұрғындар көп жиналатын нысандар қызметі тоқтатылды. Санитариялық-эпидемияға қарсы ауқымды іс-шаралар жүргізіліп, барлық қоғамдық көліктер әр рейске шыққан сайын, ал аялдамалар күніне екі рет залалсыздандырудан өткізіліп тұрады. Ірі сауда орындарының таңертеңгі сағат 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін, киім-кешек базарларының сағат 11.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс жасауына рұқсат. Ол үшін, алдымен, санитарлық-дезинфекциялық шаралар жүргізіледі. Кафе-мейрамханалар жұмысы кешкі сағат 22.00-ге дейін шектелсе, онда да келушілер саны 50 адамнан аспауы тиіс.

-Қазір мейрамхана, тойханаларда өтетін барлық үйлену тойы мен мерейтойлар, ас беру, еске алу секілді отбасылық салтанат пен рәсімдерге тыйым салынды. Өз үйлерінің ауласынан киіз үй немесе палатка тігіп өткізуді жоспарлап отырған тұрғындардың бар екенін де естіп жатырмыз. Біз оған да жол бермейміз. Өйткені Мемлекет басшысының Жарлығына сай шыққан аудан әкімінің өкіміне сәйкес бір жерге 50 адамнан артық кісі жинауға болмайды. Ол елдегі төтенше жағдай туралы нұсқаулыққа қайшы келеді. Оны бұзған азаматтар заңға сәйкес жазаға тартылады. «Сақтансаң – сақтармын» дегендей, бұл жерде қарапайым халық өзінің және жанұя мүшелерінің денсаулығы мен өмірін бірінші кезекке қоюы тиіс. Қалтаны қағатын той-томалақты, ас-садақаны кейінге қалдырсақ, одан ештеңеміз кетпейді. Есесіне оған кететін қаржыны қауіпті кеселден сақтануға, оның алдын алуға жұмсасақ, ұтарымыз анық. Мұндайда ата-бабамыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демей ме?! Сондықтан жылыойлықтар сабыр сақтап, сақтық шараларын күшейткені абзал, – дейді топ мүшесі.

Шетелден келген жергілікті тұрғындар қатаң бақылауда

Қазір ауданда шетелден оралған жергілікті тұрғындардың да дәрігерлердің қатаң бақылауында екенін айта кеткен жөн. Олар еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен бекітілген тәжвирусы бойынша әлемдегі 2 және 3-категорияға жататын мемлекеттерге барып-келгендіктен әзірге өз үйлеріндегі карантиндік бақылауға қойылған. Дәрігерлер арнайы киіммен, құрал-жабдықтармен барып, күніне екі рет тексеріп, денсаулығын қадағалап тұрады.

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521