Ою-өрнекпен өрілген өмір

Ұлттық киімдеріміз қазақтың кең байтақ даласына қоныс тепкен көшпелі елдің тұрмысы мен табиғатына, ұлттық ерекшелігіне, күнделікті тіршілігіне сай қалыптасты. Тіпті,ондағы ою-өрнектердің де сан-алуан түрлері мен өзіндік ерекшелігі, мән-мағынасы бар. Олардың ұмыт қалғаны да жетерлік. Яғни, қазақтың ұлттық киімдері мен әшекейлерінде, өрнектерінде халқымыздың тарихы мен ой дүниесінің қайталанбас көрінісі, көшпенді халықтың болмысы жатыр. Ол – біздің құпия сырға толы қолөнеріміз...

Әрине, оны халыққа ең бірінші дәріптеуші – тігіншілер. Өйткені ұлттық киім он саусағынан өнер тамған ару қыздарымыздың асқан шеберлігінің арқасында құнды. Бірақ көбіне көп олардың еңбегі тасада қалып жатады. Сондай ісмер жанның бірі де бірегейі, тігінші, жылыойлық жас кәсіпкер - Жұлдызай Жандосқызы. Жұлдызай Құлсары қаласында 1996 жылы дүниеге келген. Ол бала кезінен-ақ қолына ине ұстап, тігін тігумен айналысқан. Адам бойындағы қандай қабілет-дарын болса да атадан балаға қанмен берілетіні сөзсіз. Жұлдызайға да тігіншілік қабілет әкесінен берілген.

Жұлдызайдың әкесі Жылыой жұртына танымал шебер – Жандос Сабыров. Жандос Сағынғалиұлы ертеректе Жылыойдағы «Быткомбинатта» жұмыс істеп, тон, пальто сынды сырт киімдер тіккен. Қазірде ол құлпытас жазумен айналысады екен. Бойынан өзі секілді қолөнерлік қабілетін байқаған әке қызына алғаш ине ұстатып үйретеді.

Кейіпкеріміз 2011 жылы Құлсарыдағы Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектепті аяқтап, Ақтөбедегі гуманитарлық-техникалық колледжінің бастауыш білім беру мамандығына оқуға түседі. Алайда, оның жаны тігінші болуды қалайды. Сөйтіп, 2014 жылы Ақтау қаласында тігін курсын оқып, түрлі тігін ательелерінде қызмет атқарып, мол тәжірибе жинақтайды. Осы кәсіпті қатты ұнатқаны соншалық, 2014-2015 жылдар аралығында бір тігін ательесіне орналасып, тегін 10 ай жұмыс жасағаны бар. Біраз тәжірибе жинап, атақты «Нұршах», «Медина» сән үйлерінде еңбек етіп, ол жерден де ұлттық киімдер тігудің қыр-сырын жетік меңгеріп шығады.

Жұлдызай тек сырт киім мен көйлекті ғана емес, аяқ киімді де тігу қолынан келеді. Себебі ол, 2017 жылы Ақтау қаласында “Жамал-Ай” аяқ киім фабрикасында еңбек етіп, түрлі былғары етіктер мен жеңіл аяқ киімдер тіккен екен. Ол жердегі жұмыс барысы Жұлдызайға қатты ұнағанымен, аяқ киім тігу қиынға соғыпты. Себебі, нәзік қана, талдырмаш қыздың қолдарына былғарымен жұмыс істеу айтарлықтай салмақ түсірген. Осылайша, ол біраз тер төгіп, еңбек етіп, ізденіп, оқып, мол тәжірибе жинақтаған соң туған жері Құлсарыға қайтып келіп үйден тапсырыс қабылдайды. Тек киім тігумен ғана шектеліп қалмай, қыз-келіншектерге тігін курстарын да оқытқан. Осы уақытқа дейін 100 шақты қыз-келіншекке бар білгенін бөлісіп, олардың тігінге деген қызығушылығын оятқан. Олар да қазір өз кәсібін жүргізіп отырған көрінеді.

Қай саланың болмасын озық шеберінің дарыны мен қабілетін танып, жоғары баға беретін халық. Міне, сол Жылыой халқының, әсіресе, әйел адамдардың сұранысымен 2019 жылы Жұлдызай тігін ательесін ашты. Қазіргі таңда одан бөлек, қазақи нақыштағы киімдер дүкені де бар. Оған қоса 24 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұлдызайдың тігін ателесі мен дүкендерінде жұмыс істейтін қызметкерлердің 14-і тігінші, 3-еуі пішуші, 4-еуі моншақ-тастармен жұмыс жасайды және бір дүкенші мен 2 СММ-маркетологы бар.

Қазір жылыойлық тұрмысқа шығып, ұзатылатын қыздардың барлығы дерлігі Жұлдызайдың клиенттері деп айтсақ қателеспейміз. Ол қыз-келіншектерге арналған ұлттық киім тігу өнерінің хас шеберіне айналған.

Жас кәсіпкер тек Құлсарыдан ғана емес, Ақтау қаласынан да екінші тігін цехын ашқан. Киім тігуге арналған маталарды Дубай, Бішкек және Түркияның қалаларынан өзі барып әкеледі екен. Қазіргі таңда әйелдер арасында сәнге айналған маталар өте көп. Соның ішіндегі сұранысқа ең көп ие болып жүрген - тылқы, бархат, велюрлар. Бұлармен қазақи көйлектер мен камзол, шапан, кәжекей сынды киімдер тігіледі.

Қазіргі таңда шебер қыз Атырау дизайнерлер қауымдастығының мүшесі атанды. Жұлдызай мұнымен тоқталып қалмақ емес, ол өз кәсібінің ауқымын одан әрі кеңейтіп, үлкен тігін цехын ашып, қазіргіден де көп қыз-келіншектерді жұмыспен қамтығысы келеді.

Тігіншілік саласында Жұлдызайдың жеткен жетістігі аз емес. 2021 жылы Жылыойда өткен «Salut fashion Kulsary» байқауының қатысушысы атанса, сол жылы Іскер әйелдер форумының «Үздік дизайнер» номинациясының иегері атанды. 2022 жыл Ташкент қаласында өткен «Tashkent Selebrity fashion week» байқауының қатысушысы және «Қол өнер дауысы-2022» фестиваль байқауының тігін өнімдер номинациясының Гран При иегері атанған. Сондай-ақ, облыс орталығында өткен «Atyrau fashion show» байқауының қатысушысы, «Шабыт  шеберлер фестивалінің» «Үздік шебер» номинация иегері. Одан бөлек, 2022 жылы Атырау облысы дизайнерлер қауымдастығының алғыс хатымен марапатталған. Өткен жылы Тараз қаласындағы «Taraz Aspara fasion week» фестиваліне және “Grand fashion Atyrau-I” фестиваліне қатысып, өнерін паш етті. Сол жылы аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының және былтыр Ақтау қаласындағы  Жылыойдың 95 жылдығына байланысты өткен ауқымды шараға үлес қосқаны үшін аудан әкімінің алғысхаттарымен марапатталды. Өткен жылы “GRAND FASHION ATYRAU-II” фестивалінің қатысушысы және «Жастар премиясы 2023»-ке қатысып “ҮЗДІК ЖАС КӘСІПКЕР” номинациясының иегері атанды. Бұл Жұлдызайдың маңдай терімен, ақ адал еңбегімен жеткен жеңісті жетістіктерінің бір бөлігі ғана.

Иә, бұрын қазақтың ою-өрнегімен безендірілген ұлттық киімдерді тек Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде көретін едік. Қазір сан түрлі кәжекей, камзол киіп, шархат тартып, шапан жамылып жүрген жандарды той-жиыннан, күнделікті өмірден де жиі кездестіруге болады. Үйлену тойы, қыз ұзату, келін шай, шілдехана, тұсаукесер, сүндет той сынды салтанатты жөн-жоралғылар мен рәсімдерде, әсіресе әйел адамдардың үстінен әдемі, оюлы, қос етек, бүрмелі көйлектер мен камзолдарды, кәжекей мен шапандарды, шашақты орамалдарды жиі көреміз. Осыдан-ақ ұлттық киіміміздің қадір-қасиеті мен сұранысы артып келе жатқанын бағамдай аламыз. Оның астарында Жұлдызайдың да қосқан үлесі, зор еңбегі бар.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521