ОТЫЗ ЖЫЛДА – ОРДА ЖАҢА

Ауыл әкімдерін сайлау мәселесін Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында көтерген еді. Жалпы жергілікті биліктің сайлануы он жылдан астам уақыт бұрын қолға алынғанымен, билік басына Қасым-Жомарт Кемелұлы келгеннен кейін ғана демократиялық үрдісте мықтап қолға алынды. Президент сол кездегі Жолдауында:

«Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек. Мысалы, қоғамдық пікір сауал- намалары ауыл әкімдерінің сайлауы арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Алайда бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды. Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын»,-деген еді.

Айтқандай, елімізде ауылдық округ әкімдерін сайлау науқаны жаңаша сипат алды. Бұл жерде Мемлекет басшысының жаңа бастамасының бірнеше ерекшелігі бар. Осыған дейін ауыл әкімдері жанама дауыспен сайланып келсе, енді елді мекеннің басшысын тұрғындар тікелей дауыс беру арқылы анықтайтын болды. Пре- зидент Жолдауынан кейін арада бір жыл өтер-өтпесте бұл бастама шын мәнінде қолға алынды. Мемлекет басшысы 2021 жылдың маусым айында Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің басшылық құрамының басын қосып, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері мен ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде өткізген арнайы кеңесінде:

-Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі. Жұрт олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды. Сондықтан тиімді мемлекет және әділетті қоғам талаптарына сай болу үшін алдағы сайлауды дұрыс ұйымдастыру өте маңызды, – деген еді.

Сөйтіп, 2021 жылдың 25 шілдесінде еліміздің тарихында тұңғыш рет халықтың өзі таңдайтын ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Бұл саяси додадан жылыойлықтар да қалыс қалған жоқ. Көп алысқа бармай-ақ, бұл жерде жылдың желтоқсан айының 10-ы күні аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қосшағыл ауылдық округінде өткен әкім сайлауын айтсақ та жеткілікті. Ауыл басшылығына үміткер ретінде үш азамат қатысты. Округ бойынша тіркелген 2504 сайлаушының 1282-і сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Нәтижесінде бұрын Құлсары қаласы әкімі аппаратының бас маманы болған жас та, білімді Жанғазы Еркінов Қосшағыл ауылының әкімі болып сайланды.

Бұл демократиялық үрдіс биыл да өз жалғасын тапқалы отыр. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының қаулысымен 2024 жылғы 15 қыркүйекке аудандағы Жем ауылдық округі әкімінің сайлауы тағайындалды. Осыған орай, аудандық аумақтық сайлау комиссиясы мен №106 учаскелік сайлау комиссиясының төрағалары мен мүшелері, сайлау учаскелерінің шекаралары бекітілді. Кезекті саяси науқанға округ орталығындағы Тұрғызба ауылы мен Қойсары, Қараша елді мекендерінде тұратын тұрғындар да белсене атсалысар деген сенімдеміз.

Қазақта «Елу жылда ел жаңа, қырық жылда қазан жаңа» деген нақылды сөз бар. Біз бұған «Отыз жылда орда жаңа» деген сөзді қосар едік. Расында да, Тәуелсіздік алған 30 жылдан кейін ел жүрегі – Ақордамыздың үлкен саяси жаңарулар жүзеге асып, «Жаңа Қазақстанның» іргетасы қаланды. Ауыл әкімдерін халықтың тікелей сайлауы – сол игі бастаманың жемісі. Биылдан бастап бірқатар аймақтарда аудан әкімдерінің сайлауы да жүзеге асты. Саяси науқан облыстың Қызылқоға мен Исатай аудандарында да өтіп, бұқара халық өз таңдауын жасады.

Жергілікті әкімдерді бұлайша сайлау елімізді демократиялық дамудың даңғыл жолына түсіріп, билік пен бұқара халықты жақындата түсетіні анық.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521