Отты жылдар жаңғырығы

Осыдан тура 33 жыл бұрын Кеңес әскерлері Ауғанстан жерінен шығарылып, жат елдегі сұрапыл соғыс аяқталған болатын. 10 жылға созылған қанды майданда мыңдаған адам қаза тауып, жарақат алды. Сол бітімгершілік үшін күрескен жауынгерлердің арасында жылыойлық жас бозбалалар да бар еді. Соғысқа қатысып, қиян-кескі ұрыстарға куә болған жылыойлық ардагерлердің саны – 54. Ал олардың 2-еуі ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты.

Майдан даласында шейт болған сарбаздарды еске алу мақсатында 15 ақпан күні ауданда «Ауғанның отты жалыны» атты шара өтті. Құлсары қаласындағы «Жеңіс» саябағы ішінде Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылып, қайтыс болған азаматтардың құрметіне 1 минуттық үнсіздік жарияланды. Аудан әкімі Халел Жамалұлы бастап, жиналғандар лек-легімен ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Олардың ішінде бір кездегі қаруластарын еске алуға келген Ауған соғысы ардагерлері мен аудандық мәслихат хатшысы С.Таласов, Қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Т.Саденов және тағы басқалар болды. Аудан басшысы Халел Жамалұлы бүгінгі айтулы датаға орай ескерткіш қасында сөз сөйледі.

Бұл күн - тарихтағы рөліне заман басқаша баға берген, 10 жылға созылған соғысқа нүкте қойылған күн. Қанды майданға Жылыой ауданының да өрімдей жастары қатысты. Қос бірдей жерлес азаматымыз Болат Ербосынов пен Ерболат Омаровтар Ауған жерінде оққа ұшып, олардың денелері туған жерге темір табытпен жеткізілді. Қыршын кеткен боздақтардың рухына басымызды иеміз. Қазіргі таңда олардың атында Құлсарыда екі көше бар. Бұл соғысқа қатысқан барша жерлестеріміз көзсіз ерліктің үлгісін танытты. Міне, олар бүгін осы жиынға қатысып, қасымызда тұр. Кейінгі ұрпақ осы өр мінезді, намысты, батыр ағаларынан үлгі алып, ел қорғайтын ер болып өсетініне мен сенемін. Тарихтың осынау ақтаңдақ беттері енді қайта ашылмасын, қасірет қайталанбасын! Еліміз тыныш, болашағымыз жарқын болсын! – деді аудан әкімі.

otty-zhyldar-2

Әр соғыстың тарихы бөлек болғанымен, табиғаты бір. Ал Ауғанстан барша қазақстандықтың жазылмас жарасына айналды. Жазықсыз жастар ел үшін күресіп, опат болды. Кеңес Одағы келмеске кетсе де соғысқа қатысқан батырлар үшін бұл күн күні кешегідей көз алдарында. Бұл күнді жабырқамай, мұңаймай, көзге жас алмай еске алу мүмкін емес...
Шара барысында сөз алған аудандық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Досан Әділов те өзі қатысқан қатал соғыстың енді қайта орын алмауын тіледі.

Біз ардагерлер ретінде еліміздің көркейіп, соғыстың қайталанбауын тілейміз. Ешкімге де опа бермейтін зұлматты кезең қайталанбасын. Бізден кейінгі ұрпаққа тыныштық пен бейбітшіліктің, соғыссыз өмірдің – ең бақытты өмір екенін айтқым келеді. Кешегі біздің ерлігіміз бүгінгі жастарға қашан да үлгі бола бермек ,– деді кеңес төрағасы Д.Әділов.

Жауқазындай жиырмадағы жастық шағын елден алыста, құйындатқан оқтың астында, миналардың үстінде өткізу, тар шатқалдарда дұшмандармен соғысу- ердің ісі. Тағдырдың жазуымен елге аман-есен оралып, туған жерімен қауышқан

Ауған соғысының интернационалист-жауынгерлерінің есімі мен ерлігі барша жылыойлықтар үшін үлкен мақтаныш.

Ш.ХАМИТОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521