Отбасын сақтайтын орталық

«Жанұя – шағын мемлекет». Сол шағын елдің ішіндегі татулық бүтін бір ұлтқа үлгі болса, ал кейде кішкентай түсініспеушіліктен туындаған дау қоғамға орасан зиянын тигізіп жатады. Жанұяны додаға қатысып жатқан команда сияқты деп алатын болсақ, оның мүшелері жеңіс тұғырынан көрінуі үшін жұдырықтай жұмыла бірге жұмыс жасап, ұйымшылдықпен алға жылжуы керек болады.

Бірақ жақсылық пен жамандық, ақ пен қара, жеңіс пен жеңіліс қатар жүретіндіктен мәреге соңынан келіп жататындар да бар. Сол сияқты бір шаңырақ астындағы түсініспеушіліктің кесірінен «ыдыс-аяқ сылдыры» сыртқа естіліп, артын үлкен дауға айналдырып, тіпті екіге айрылып кетіп жатқан отбасы иелерін де көріп, естіп жатамыз. Мұндайда әйелдер қауымына кейде үнсіздік, кейде шыдамдылық, кейде сабырлық керек болар. Бірақ ұзақ уақытқа созылған үнсіздік іштен тынуға апарса, шыдамдылықтың шегі шарасыздыққа ұласып, сабырлық түбі сандалуға дейін барады емес пе?!

Бүгінде осындай жанұяның нәзік жанды мүшелеріне амалдың жоқтығынан үйінен кетуіне тура келіп жатады. Ондайда әйел адамның уақытша болса да паналауға орын ұсынатын орталықтың ашылуы олар үшін үлкен көмек болары хақ.

Ауданда осындай көмекке мұқтаж аналардың жағдайына алаңдаған бір топ кәсіпкердің көмегімен «Отбасын қолдау орталығы» ашылды. Шаңырақ астындағы келеңсіз мәселелердің орын алуына байланысты барарға жері, басарға тауы жоқ ана мен балаға жайлы орыны мен жылы төсегін ұсынатын орталықтың ашылуы қала халқы үшін қаншалықты қажет?! Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Отбасын қолдау орталығы» қиындыққа тап болған жанұя мүшелерінің далада қалмауына қолұшын созып, уақытша жылы жерде орналасуына 50 орын ұсынады. Мұнда әртүрлі тұрмыстық жағдайға байланысты ақпараттық және консультациялық көмек көрсетіліп, ата-аналарға және балаларға адаптация бойынша жұмыстар жүргізіліп, отбасыларға психологиялық, әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Жанұя ішіндегі жанжал шешілгенше бір ай уақыт жылы төсегін ұсынатын орталық отбасы құндылығын нығайтуға бағытталған алғашқы нысан болатыны рас.

Аудан орталығын жаңа нысанмен толықтырып, түрлі жағдайға тап болған тағдыр иелерін жан-жақты қолдап, отбасын сақтап қалуға шақыратын орталық - «Арктик Экуипмент Казахстан», «Access and Coating Group», «COCRealty», «ЮСС Супорт Сервисез», «Sitek Caspian», «CIS Kashagan» компанияларының бірігуімен жүзеге асқан жарқын жоба. Ғимараттың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова қатысты.

«Біздің мақсат – отбасын ажырату емес, керісінше татуластыру» деген ол нысанның ашылуына атсалысқан барлық кәсіпкерлерге аудан әкімі атынан алғысын айтып, арнайы Алғыс хат табыстады. Одан әрі әлеуметтік саланың ардагері Әсем Таукенова сөз сөйлеп, жүрекжарды жылы лебізін білдірді. Орталық алдағы уақытта қыз-келіншектердің бос уақытын тиімді өткізу мақсатында тігін курстарымен толығуы мүмкін. Әр бөлме екі немесе төрт адамға арналған төсек орындар мен жеке жуыну орнымен қамтылған. Одан бөлек балаларға арналған ойын бөлмелері мен аулада арнайы ойын алаңы бар. Нысанға толығымен бейнебақылау орнатылып, тұрмыстық техникалармен жабдықталған.

Ашылу салтанатында тілек білдірген «Халық ағарту ісінің озық қызметкері», ауданның ағарту саласының ардагерлер ұйымының төрағасы Наурызбай Төлеуов:

-Осы мекемеде жасайтын барша жандардың жұмысы жемісті болсын. Халқымыздың бірлігі, кейінгі ұрпақтың ынтымағы артып, жақсы күндерде жолығайық!-деп өзінің ақжарма тілегімен бөлісті. Иә, жанұядағы жанжалдың өсіп келе жатқан ұл-қызға тигізетін кері әсері зор. Сол себептен түсініспеушіліктің соңы үлкен дауға айналмауын қадағалайтын ата-аналар көбейсе, отбасының ішіндегі береке-бірлік те арта түспек. Бұл ретте орталықтың ашылуы шаңырақтың шайқалмауына зор септігін тигізер деген сенімдеміз.

Д.ДЕРБІС

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT