Отау құрғандарына – 43 жыл

Екі адамның арасындағы кіршіксіз, пәк сезім уақыт өте келе ұлғайып, үлкен махаббатқа айналады. Қыз бен жігіт бірге болуға сөз байласады, шаңырақ көтереді, өмірдің ащы-тұщысын бірге көруге уағдаласады. Иә, бұл – барша адамзат баласы саналы ғұмырында бастан кешуі тиіс заңдылық. Алайда, қазір заңды түрде некелескендеріне көп уақыт өте қоймаса да жастар арасында ажырасу мәселесі белең алуда.

Шындығында да, ажырасу – барша қазақ қоғамның ішкі жарасына айналған қатерлі дерті болып тұр. Өйткені, бұрынғының адамдарындай жанұядағы түсіністік пен сыйластықты сақтауға, үлкенге де, кішіге де ізеттілікпен қарауға, бала тәрбиесіне көңіл бөлуге жас ата-аналардың аса салғырт қарайтыны жасырын емес. Кім болса да басынан сөз асырғысы келмейді, «біз» деген ұғымды кейінге ысырып қойып, «мен» дегенді бірінші орынға қояды. Жас жұбайлар арасындағы менмендік пен өзімшілдіктің ақыры осы ажырасуға әкеліп, жолдары амалсыздан екіге бөлінеді. Осындай, бір шаңырақтың астындағы берекені сақтай алмай, қолдағы бақтың қадіріне жете алмай жүрген жастарға үлгі болсын деген ізгі ниетпен біз бүгінгі мақаламызда аудандағы тату-тәтті отбасылардың ішкі өмірін насихаттағалы отырмыз.
Өнегелі отбасыдан қашан да үлгілі ұрпақ тарайды. Сондай салиқалы, көргенді бес бірдей перзентті өмірге әкелген құлсарылық отбасының бірі – Жолаев Амантай мен Қартмағанбетова Нұрғанның жанұясы. Биыл отау құрғандарына 43 жыл толады екен. Отбасының бәйтерегі Амантай аға 1958 жылы дүниеге келген. Негізгі мамандығы –теміржолшы. Ал Нұрған апа 1959 жылы туған, мамандығы -мұғалім. Олардың Асыланбек, Жәнібек есімді екі ұлы, Мейрамгүл, Индира , Әлжан есімді үш қызы бар. Ұл-қыздарынан тараған 14 немере мен жиендер тағы бар.
Бүгінде, 4 баласы аяқтанып, кенже қызы енді тұрмыс құрып, бір әулеттің инабатты келініне айналғалы отыр. Балаларының бәрі де жоғары білімді азаматтар. Екі ұлы бірігіп, жеке кәсіп бастап барша жылыойлықтарға белгілі «Аттила» компьютерлік дүкенінің негізін қалаған. Сауда-саттықта қос ұлының тасы өрге домалап, әр үйге керекті компьютер жабдықтарын сатуды жүйелі жолға қояды. Сондай-ақ, еңбекқор әулеттің «Әлжан» атты жеке шаруа қожалығы да бар. Қожалықта көбіне мүйізді ірі қара мен қой өсіріледі. Өткен 2003 жылы Сарықасқадан жер алып, ауыл шаруашылығы саласына біртіндеп бет бұра бастапты. Ал Нұрған апаның өзі зейнеткерлікке шыққан соң ғана жолдасына қолғабыс ету мақсатымен, қырға барып, мал жайғауға көмектесіп жүр екен.

-Ата-ананың ең бірінші парызы – өмірге саналы ұрпақ әкелу. Отбасыдай – алтын діңгекті құлатпай, берік сақтауға ағаң екеуміз бірдей тер төгіп келеміз. Өзара сыйластық пен қолдаудың арқасында бүгінгідей күнге жетіп отырмыз. Үлкен ұлым Асыланбекті 1980 жылы дүниеге әкелдім. Есейіп, ержетті, үйленді. Тұңғыш келінім дағыстан ұлтының өкілі. Есімі Қазиханова Құрмет. Оның да біздің үйдің табалдырығын аттағанына міне, 12 жылдың жүзі болыпты. Бастапқыда қазақ тіліне шорқақ еді. Айтқанымызды түсінбей қалып жататын, қазір қазақша сайрап тұр. Өзіміз сол үлкен балам мен келінімнің қолында тұрамыз. Бұрын шаңырағымызда үлкен кісілер болды. Балаларым ата-әжесінің тәрбиесін көрген. Өнеге мен оң тәрбиені көп көргеннен болар, қыздарым да барған жерлеріне сыйлы келін атанды. Құдалар жағынан алғыс-тілектерді жиі естіп, көңіліміз көтеріліп, марқайып қаламыз, - дейді Нұрған апа.

Отбасы тақырыбының басты кейіпкерлері өз сөздерінде жастарға ақыл- кеңестерін де айтып өтті. Барша қазақ жанұясының негізі болып саналатын, береке мен бірліктің, татулық пен ынтымақтың маңыздылығын насихаттады.

«Одан соң, маңыздысы - әлбетте бала тәрбиесі. Он екі мүшесі сау ұрпақты жарық дүниеге әкеліп, олардан заманға сай, бәсекеге қабілетті, еңбекке жақын, білімді ұрпақ дайындау - кез келген әке-шешенің басты жетістігі»,- дейді олар.


Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521