№170 сайлау округі бойынша дауыс берген Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанованы сөзге тартқанымызда:
– Бүгін 2022 жылдың 20 қарашасы республикамыз бойынша тарихи маңызды күн! Бүкіл қазақстандықтар өз болашағын таңдауда. Құрманғазы ауылындағы осы учаскеге келіп, таңдауымды жасадым. Президент сайлауына қатысу әр азаматтың парызы деп санаймын. Себебі, еліміздің алдағы жеті жылдағы өркендеу жолы бүгіннен басталады. Сол себепті әрқайсымыздың дауысымыз маңызды.
Қазақ бұрыннан дала демократиясымен өмір сүріп, мемлекет тізгінін ұстаған адамдарын құрмет тұтқан ұлт! Оларға үлкен сенім артып, ел ертеңіне үмітпен қараған. Бабаларымыз «Бас болу оңай, бастамақ қиын», деп текке айтпаған. Ел сенімін арқалаған басшы сүйікті Отанымызды алға апарып, өзінің көрегендігімен, біліктілігімен, қиыннан қистырып жол табатын адам болары анық. Ал, оны таңдау халықтың еркіне қалдырылып отыр. Мұның өзі зайырлы жолмен келе жатырғанымыздың шынайы көрінісі. Сайлауға дейін барлық үміткерлердің халық арасында болып, өздерінің үгіт-насихаттарын жүргізуіне жағдай жасалды. Ақпарат құралдарында да олардың іссапарлары жарық көрді. Бүгінгі сайлаудың да заңдылықтарға сәйкес өтіп жатырғанына оған қатысып отырған байқаушылар мен үміткерлердің сенімді өкілдері куә! Өзім дауыс берген үміткердің жеңіске жетуіне Қазақстанның гүлденіп, алдыңғы қатарлы елге айналуына тілектеспін!-деді.
Қанат ҒҰМАРОВ