Құлсары қаласындағы «Қызғалдақ» бөбекжай бақшасында 25 қазан - Республика күніне байланысты тәрбиешілер арасында «Отаным – бақыт мекенім» атты байқау өтті.
Қызметкерлердің ұжымдағы сыйластығын арттыра отырып, бала тәрбиесіндегі біліктілігін дамыту мақсатында өткен сайыс төрт кезеңнен тұрды. Алғашқы «Көркем сөз шебері» кезеңінде тәрбиешілер өлеңді нақышына келтіріп, мәнерлеп оқыса, екінші «Ән жұмбақ» кезеңінде жасырылған әуендер арқылы әннің атын табу керек болды. Байқаудың үшінші бөлімі «Ой ашар» деп аталып, сұрақ-жауап айдарына арналса, төртінші кезеңі «Қазақша оюлар ойыны» деп аталды. Онда қатысушылар тақтада көрсетілген оюларды қимылмен көрсету арқылы сынға түсті.
Сайыс ұйымдастырушысы «Қызғалдақ» бөбекжай бақшасының қазақ тілі маманы Есенгүл Ізтұрғанқызы:
-Тәрбиешілер арасында ұйымшылдықты нығайта отырып, тәжірибе алмасуына септігін тигізетін байқаудың жоғары деңгейде өткеніне ризамын. Балабақша тәрбиешілерінің бөліп жаратыны жоқ, барлығы да білікті де білімді мамандар. Сайысқа мықты дайындықпен келген жандар еңбегіне сай жоғары ұпайлар жинап, жүлделі орындар иеленді,-дейді өз сөзінде.
Әділқазылардың шешіміне сәйкес Жазира Саламатқызы Бас жүлдені иеленсе, 1-орынды Валентина Балатаева, 2-орынды Қамар Рахманова қанжығасына байлады. Сондай-ақ 3-орын Нұргүл Табылдиеваға бұйырды.
Жеңімпаздар балабақша меңгерушісінің атынан алғысхаттарға ие болып, риза болып тарқасты.
Диана Ізбасарқызы