Отанды қорғау атты мамандық бар

Мектеп бітірушілерді «қандай мамандық таңдасам екен?» деген сұрақ толғандыратыны анық. Өйткені, қаншама жеткіншек арманына қанат байлап, жаңа өмірге қадам басады. Бүгінде мектеп оқушылары үшін 3 тоқсан да  басталды. Алда жас түлектер үшін ұлттық бірыңғай тестілеу келе жатыр. Әр түрлі сала маманы атануды көздеген мектеп түлектері құжаттарын арқалап, «еліміздің қай жоғары оқу орнын таңдасам екен, қай мамандықты меңгерсем екен» деген сан сауалда жүргені де рас. Болашақ мамандықтарын таңдаған жастардың арасында әскери қызметші болғысы келетіндер бар.

Бүгін аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының өкілдері аудандағы жалпы орта білім беретін мектептердің 10-11 сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Оған Алматы қаласынан институттың байланыс кафедрасы бастығының орынбасары Қайрат Нұрғалиев пен институттың оқу-жаттығу орталығының орынбасары подполковник Бекет Күлпендиев келіп, оқушыларға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Мектеп жасындағы болашақ отан қорғаушылардың басын қосқан кездесу барысында жиын қонақтары институт тарихы, құрылымы, әскери тәртіп тағы басқа құнды ақпараттар беріп,  институтқа оқуға түсу және әскери мамандықтарды оқыту мәселелері бойынша мәліметтермен бөлісті.  Жиында Қазақстанда бүгінде әскери мамандарды дайындауды жүзеге асыратын 3 жоғары әскери оқу орны жұмыс істейтінін, атап айтқанда, Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты мен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының екі мәрте батыры Т.Бегелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты және кадет корпусы – техникалық және кәсіптік білімнің оқу бағдарламасын іске асыратын әскери оқу орындары бар екендігі айтылды. Сондай-ақ кездесулер барысында қорғаныс министрлігінің оқу орындарына қабылдау, іріктеу және оқуға түсу туралы айтып берді. Оқушылар барлық қажетті ақпараттарды алып, ҰБТ-де әскери мамандықты таңдау үшін қандай пәнді таңдау керектігі жөнінде де мағлұматтар алды.

-Әскери институтқа түсу үшін талапкерлер тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органы басшысының атына алдымен өтініш жібереді. Сондай-ақ институтқа түсу үшін арнайы емтиханнан өтеді. Оның ішінде медициналық тексеруден өтетіні және денсаулығына байланысты жүгіру, турникке тартылу бойынша іріктеуден өтеді. Курсанттың денсаулық жағдайы оқуға жарамды болуы шарт. Түлектер ҰБТ-ның 5 пәні бойынша кемінде 50 балл жинауы керек. Қабылдау кезеңінде оқуға түсушілер әскери институт аймағында орналастырылады және жабдықтау нормалары бойынша тамақпен қамтамасыз етіледі. Оқу үрдісі қызықты әрі барлық қажеттілдіктермен қамтамасыз етілген. Курсанттар әскери институтты бітіргеннен кейін жұмыспен қамтамасыз етіледі.Бұдан басқа да көптеген жеңілдіктер бар,-деді подполковник Бекет Оразалыұлы.

Ауданымыздағы мектептердің жоғары сыныбында оқитын ұлдардың басын біріктірген жиналыста оқушылардың осы салаға қызығушылық танытқанын байқадық. Әскери мамандықты меңгеруге ниетті жастар институт өкілдеріне сұрақтарын қойды. Жиын қонақтары оқушылардың ынта-жігерінен туындаған сұрақтарына жауап беріп, емтиханнан өту дағдысын, дайындықты қазірден пысықтау туралы да кеңінен түсіндіріп өтті. Жоғары сынып оқушылары әскери мамандықтар туралы толыққанды ақпараттар алып, кейін слайд арқылы институттың ішкі тынысымен танысты. Мамандар фото-слайдпен институт, казарма, асхана, акт залын көрсетіп, оқушыларға әскери оқу ордалары туралы кең мағлұматтар беріп, таныстырды. Жиын соңында әскери қызметшілер мен оқушылар бірге естелік суретке түсті.

 

А.Хауашева

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521