«Отан - оттан да ыстық»

Отан - оттан да ыстық. Осындай атаумен №8 жалпы білім беретін мектепте  тағылымды кездесу өтті. Жастардың жүрегіне патриоттық рух ұялатуды мақсат еткен бұл шараны өткізуге Жылыой ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі мұрындық болды.

Кездесу Мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталды. Алғашқы болып сөз алған аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының міндетін уақытша атқарушы Абай Рахметов Отан қорғаудың маңызына тоқталып, Қазақстан Қарулы Күштерінің тыныс-тіршілігі туралы кеңінен әңгімеледі. Сонымен бірге әскерге шақыру тәртібі мен әскери қызметтің жауапкершілігі жөнінде нақты мәліметтер берді.

Шара барысында «Мұрагер» республикалық қоғамдық қоры бірлестігінің төрағасы Нұрлан Сақтағанов Отанға адал қызмет ету – әр азаматтың қасиетті борышы екенін атап өтті. Ол ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери мамандықтардың алар орны ерекше екенін айтып, жастарды әскери оқу орындарына қызығушылық танытуға шақырды.

Кездесуге арнайы қатысқан аудандық білім бөлімінің әдіскері Жазира Ихсанова да ой-пікірін ортаға салды.  «Отан алдындағы борышты өтеу – азаматқа артылған үлкен жауапкершілік. Оны қадірлеу, қастерлеу – баршамыздың міндетіміз. Мұны әсіресе жастар жақсы түсініп, ұғынуы керек», – деді ол.

Тағылымды жиын жоғары деңгейде өтті. Оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан тұщымды жауаптар алды. Мұндай кездесулердің тәрбиелік мәні зор екенін айтқан жастар алдағы уақытта да осындай мазмұнды шаралар жалғасын тапса деген тілектерін білдірді.

Шара соңында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының міндетін уақытша атқарушы Абай Рахметов №8 мектептің директоры Салтанат Жұмағалиеваға, алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы Берік Биғалиевке және белсенді оқушыларға алғыс хаттар табыстады. Кездесу естелік суретке түсумен аяқталып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

А. Махамбетова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT